Елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде Конституциялық өзгерістерді түсіндіруге арналған «Екінші Республиканың Ата Заңы» деген тақырыпта кездесу өтті. Басқосуға 1993 жылы алғашқы қабылданған Қонституциядағы жұмыс тобының мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Төлеш Қаудыров пен Парламент Сенатының депутаты Дана Нұржігіт қатысты.
Кездесуде Ата Заңымызға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар және 5 маусымда өтетін республикалық референдумның маңызы туралы мазмұнды сөз қозғалды.
«1993 жылы Президент әкімшілігінде қызмет істедім. Оған дейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінде оқытушы, декан орынбасары болдым. Алғашқы қабылданған Ата Заңымыздың жұмыс тобына аталған жоғары оқу орны заң факультетінің оқытушы-ғалымдары көбірек тартылып, алдымен біз көпшілікке, атқарушы билік органдарына сол жылдары енді ғана қолға алынған нарықтық қатынас экономикасы, жекешелендіру реформасы, референдум туралы түсіндіру жұмыстарын жүргіздік», деп тарихқа сәл шегініс жасап бастады сөзін профессор Төлеш Ерденұлы. Сондай-ақ ол тұңғыш Конституцияның ерекшеліктеріне тоқталып, онда парламенттік биліктің басым болғандығын айтты.
«Алғашқы Конституция қиын кезеңде қабылданса да, кейбір мамандардың пікірінше, онда билік тармақтарының тепе-теңдігі сақталды. Сол Конституцияның жақсы жақтарын әлі де пайдалануға болады деп санаймын. Одан бері де біраз уақыт өтті. Бірақ мемлекеттің дамуында, саясатта шалт қимыл жасауға болмайды. Тәуелсіздік деген ең асыл құндылығымызды бағалай білуіміз керек. Сондықтан бір қадамнан бір қадам алға жүрсек, ұтарымыз көп. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз сөзінде суперпрезиденттіктен президенттікке көшеміз деді. Суперпрезиденттік – бір адамның қолындағы билік деген сөз. Негізі олай болмауы керек. Билік біреу, соның атқарушы билік, заң шығару және сот жүйесі деген үш тармағы бар. Осы үшеуінде сәйкестік болуы қажет. Қазір Президент Ата Заңымыздағы құзыреттілігін Парламентпен бөлісіп жатыр. Сондай-ақ ауыл, аудан, қала әкімдерін халық өзі сайламақ. Тағы да басқа жағымды жаңалықтар көп. Бұл – дұрыс процесс. Конституцияға енгізілетін өзгерістер – елдегі реформалардың бастауы. Референдум – демократияның жоғары сатысы. Ол халық пен биліктің нақты сөйлесуі», деді белгілі ғалым.
Ал Парламент Сенатының депутаты Дана Нұржігіт Ата Заңымызға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды «бір әулеттегі үлкен атамыз балаларына еншісін беріп, құзыретін бөліп бергенімен бірдей» деген қазақы образбен бейнеледі.
«Суперпрезиденттіктен президенттікке көшу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды тұжырымдамасында бар дүние. Президентіміз сол айтылған реформаларды кезең-кезеңімен іске асыруда. Енді Парламенттің ықпалдылығы артып, партиялар саны көбейеді. Мемлекет басшысы бұған дейін Аmаnаt партиясының төрағасы болды, енді Президент ешқандай партияға мүше болмайды. Дербес, сырттан ғана бақылайды. Тағы бір жаңалық, халық қалаған кандидат Парламентке партиялық тізіммен немесе бір кандидатқа дауыс беру арқылы сайлана алады. Егер Парламенттегі депутаттың жұмысы елдің көңілінен шықпаса, оның мандатын сайлаушылар қайтарып алуға құқығы бар. Үкімет те істеген жұмыстарына халық алдында есебін береді. Енді халық Үкіметке де, заң шығарып отырған депутаттарға да талабын қояды. Қысқасы, адамның құқығы мен талабы бірінші орында тұрады. Конституциялық сотқа кез келген азамат өтініш білдіріп, соның көмегіне жүгінеді. Сондықтан барлығымыз еліміздің жарқын болашағы үшін жауапкершілікпен референдумға қатысып, дауыс берейік», деді Сенат депутаты.
Кездесу кезінде спикерлерге университет оқытушылары мен студенттер тақырыпқа қатысты өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасты.