• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Медицина 24 Мамыр, 2022

Медициналық пойыздар жолға шықты

388 рет
көрсетілді

Медициналық пойыздар еліміздің шалғай аудандарының 60 мыңға жуық тұрғынына сапалы медициналық көмек көрсетеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Аталған жобаның нәтижесінде шалғай аудан тұрғындарына көпбейінді мобильді медициналық көмек алуға қолжетімді болады. Пандемия жағдайында және әлемде қалыптасқан эпидемиологиялық ахуалға орай сапалы медициналық сервиске қолжетімділік өте маңызды болып табылады. Осы себепті пойыздар медициналық-санитарлық алғашқы және консультациялық-диагностикалық көмектер көрсетіп, пациенттерді зертханалық әдістермен тексерістен өткізеді. Қажет болған жағдайда кішігірім оталар жасайды, жоспарлы емдеуге жатқызуға жолдама береді. Бұл өз кезегінде елдімекендердің аудандық және облыстық ауруханалардан шалғайда орналасуына байланысты тұрғындардың ауруын дер кезінде анықтамау және емдемеу салдарынан туындап отырған өткір мәселені шешуге көмектеседі.

2022 жылы Қазақстан бойынша екі медициналық пойыздың бағдары жоспарланған. Пойыздар жалпы алғанда, шалғайда орналасқан 147 станцияға барады.

«Жәрдем» медициналық пойызы 23 мамырдан 6 қарашаға дейін 80 станцияны, ал «Саламатты Қазақстан» 20 маусымнан 2 қарашаға дейін 67 станцияны аралайды. Пойыздар жалпы саны 60 мың адамды қамтымақ. Атап айтқанда, дәрігерлердің қабылдауына келу саны 100 мың, диагностикалық емшараға 18 мың, шағын хирургиялық операцияға 1 200 болса, 8 мың адамға стоматологиялық көмек көрсетіледі деп күтілуде. Медициналық пойыздар бүкіл Қазақстанды аралайды. Мәселен, «Жәрдем» – Қызылорда, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл облыстарына, «Саламатты Қазақстан» Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Қарағанды облыстарына барады.

Денсаулық сақтау министрлігі пойыздарды дәрігерлік бригадалармен және қажетті жабдықтармен қамтамасыз етеді. Медициналық персоналдың құрамында әртүрлі бейіндегі білікті мамандар: терапевт, педиатр, кардиолог, невропатолог, офтальмолог, гинеколог, хирург, уролог, маммолог және стоматолог барын атап өткен жөн. Биыл білікті  мамандардың қатары психолог және дерматовенерологпен толықты.  Медициналық жабдықтар жапон және неміс өндірушілерінің өнімі. Олардың қатарында аппаратура қажет болған жағдайда кеңейтілген жалпы және биохимиялық талдаулар, рентгенография мен флюрография, ішкі ағзалар мен тамырлардың УДЗ-зерттеулерін, электрокардиограмма, гастрофиброскопия және  диагностикалық зерттеулердің басқа да түрлерін жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар биыл стамотологиялық құрылғылар да жаңартылған.

Еске сала кетейік, аталған жоба ең алғаш рет 2010 жылы іске қосылып, 2019 жылы коронавирустық пандемияға орай тоқтатылған болатын. Осы кезең ішінде «Денсаулық», «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» атты үш консультациялық-диагностикалық пойыз Қазақстанның шалғайда орналасқан 1700-ден аса елдімекенін аралап, 488 881 тұрғынды тексеруден өткізді. Оның ішінде 101 614 бала бар. Сонымен қатар 1 647 138 диагностикалық ем-шара, 11 981 кіші амбулаториялық операция өткізілді. Маммолог мамандар 67 148 әйелді қабылдаса, жалпы адамдар дәрігердің қабылдауында 2 873 542 рет болды.

Жоба Индустрия және инфрақұрылымдық даму және Денсаулық сақтау министрліктерінің қолдауымен, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК АҚ-мен бірлесіп іске асырылады.