Бүгін AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өткізуді қолдау мақсатында бейнеконференция байланысы арқылы Республикалық партиялық штабтың кезекті отырысын өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үгіт науқаны басталғаннан бері аманаттықтар 5 мыңнан астам іс-шара өткізді. Атап айтқанда, еңбек ұжымдарымен, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ауыл шаруашылығы және басқа да сала өкілдерімен кездесулер өтті. Оның ішінде өңірлердің тұрғындарымен бір мыңға жуық кездесуді Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясының мүшелері өткізді.
Жалпы, үгіт-насихат іс-шараларына 220 мыңнан астам адам қатысты.
«AMANAT партиясының референдум өткізуді қолдау үгіт науқаны жалғасып жатыр. Қарқынды төмендетпеу керек. Өткізілетін кездесулердің санына ғана емес, бірінші кезекте сапасына да назар аударған жөн. Біз конституциялық өзгерістердің мәнін түсінікті, қарапайым тілмен жеткізуіміз қажет. Адамдарды учаскелерге келіп, өз дауысын беруге ынталандыруымыз керек», деді партия төрағасы.
Ерлан Қошанов атап өткендей, қазіргі уақытта 5 маусымда өтетін референдумда азаматтарды дауыс беруге шақыру үшін барлық ресурсты жұмылдыру өте маңызды.
Жиын соңында партия төрағасы үгіт-насихат жұмыстарын жандандыруға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.