• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 25 Мамыр, 2022

Тұрғын үйді жалдау ақысы субсидияланады

1128 рет
көрсетілді

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі және «Отбасы банкі» өкілдері жеке тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалға беруді субсидиялау бағдарламасының аралық нәтижелерін көпшілік назарына ұсынды.

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында ведомствоның Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Әзімбек Нәлібаев, Қала құрылысы және тұрғын үй коммуналдық саясат департаментінің директоры Руслан Лепесов, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова мен орталық филиалының директоры Жансұлтан Матай халықтың белгілі бір әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген бағдарламаның аралық нәтижелерімен бөлісті.

Естеріңізге сала кетейік, «Отбасы банкі» жалға беру төлемдерін субси­дия­лауға өтінімдер қабылдауды 18 сәуір­де бас­таған болатын. Осылайша, бүгінгі таңда қазақстандықтар 12 634 өтінім берген (5 903 бірегей өтініш). Олардың 2 741-і мақұлданып, 690-ы бойынша субсидия алушы немесе оның отбасы мүшелері туралы мәліметтер тек­серілуде. Бұдан басқа, 51 өтінім бойын­ша қазір бастапқы деректер ғана енгізілген, 1 076-сын өтінім берушілердің өздері қайтарып алған. Сонымен қатар 6 860 өтінім мақұлданбай, кері қайта­рылған. Мақұлданбай қалған өтінім­дердің басым бөлігі тіркеу кезінде смс-хабарлама арқылы жіберілген құпия сөзді енгізбеген өтініш берушілер тарапынан келіп түскен.

«Қазақстандықтар өз өті­нім­дерін жылдам әрі кезек күтпей берулері үшін бізде барлық процесс онлайн режім­де ұйым­дастырыл­ған. Өтінімдер элек­тронды цифрлы қолтаңба арқы­лы otbasybank.kz порталында «Жалдау ақысын субси­диялау» бөлімінде бері­ле­ді. Өтінімдер қабылдана­тын және өңде­летін цифр­лы плат­форма біре­гей болып са­налады. Алғашқы өті­нім­дер­ді беру барысында платфор­мада қателер туындауы мүмкін деп бол­жап, бірінші кезеңде өтінімдер банк­­тің клиенттері сана­латын үміт­кер­лерден қа­был­дана бастады», деді Құ­ры­лыс және тұрғын үй-ком­мунал­дық шаруашылық істері комитеті төр­ағасының орынбасары Ә.Нәлібаев.

Айта кетерлігі, жалдау шарт­­тары бойынша тө­лем­­дерді рес­публикалық және өңірлік бюджеттерден қа­ражат түскеннен ке­йін ­мау­­сым айынан бас­тап тө­леу жоспарланып отыр. Спи­­­керлер тарапынан сон­­дай-ақ коммерциялық на­рықта тұрғын үйді жал­ға бе­руді субсидиялау қағи­да­ла­ры туралы ақпарат берілді.

«Атаулы көмек қа­ғи­даты аза­маттар­­­­дың ортақ жауапкер­шілігіне негіз­­­делген. Атап айт­қанда, 50 пайызы мемлекеттік субсидиялар есебінен жабылса, қалған 50 пайызын пәтер жалдап тұратын азамат өзі тө­лейді. Мемлекеттік қол­дауға төрт санат бойын­ша кезекте тұрған үміт­кер­лер ие бола алады. Олар­дың қатарында І және ІІ топ­тағы мүгедектер, мүм­кін­дігі шектеулі балаларды тәр­биелеп отырған отба­сылар, жетім балалар және көпбалалы отбасылар бар. Бұл ретте соңғы 6 айдағы орташа айлық жиынтық табыстың мөлшері отба­сының әрбір мүшесі үшін бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауға тиіс», деп мәлімдеді департамент директоры Руслан Лепесов.

Қойылатын тағы бір талап – үміт­кер­лер «Отбасы банкінің» клиенттері бо­лып, депозиті мен мекеме­нің интернет бан­кингін­де тір­келген болуға тиіс. Жи­нақ шоты жоқ адамдар шотты бейнебанкинг немесе Otbasybank мобильді қосымшасы арқылы аша алады. «Депозит тұрғын үйге ақша жинау үшін қажет. Қазір кезек­те тұрғандар өз мүмкін­дік­теріне қарай ақша жинай ала­ды. Дегенмен мерзімі бойын­ша ертерек ашылған депо­зит келесі сатыға өткенде артық­шы­­­лықтарға ие болады», деді банк басқармасының төр­айымы Л.Ибрагимова.

Депозитті ашып, ­otba­sy­­bank.kz порталында тір­келген үміт­керлер өті­німді жеке каби­нет­терінде рәсімдей алады. Өті­німді рә­сімдеу үшін жеке каби­нетте төлемдерді алуға ар­налған өтініш пен дербес дерек­терді жинауға және өң­деуге арналған келісімге қол қою қажет. Құжат­тар­ға қол қойылғаннан кейін жүйе енгізілген деректерді өң­деп, отбасы құрамын дер­бес анықтайды. Осы­дан ке­йін отба­сының кәме­лет жас­­қа толған әрбір мү­ше­сі «қонақ» мәрте­бесінде otbasy­bank.kz сайтына кіріп, дер­бес деректерді жи­нау­ға және өңдеуге келісімге ЭЦҚ көмегімен қол қоюға тиіс. Жүйе деректерді қайта тек­се­ріп, үміткердің субсидия алуға берген өтінімі мақұлданады.