Жуырда қала көлемінде “Тілге құрмет – елге құрмет” деген тақырыппен айлық өткізілді. Аталған айлық аясында республикамыздың “Тіл туралы” Заңының талаптарына сәйкес көрнекі ақпарат мәтіндерін дұрыс рәсімдеу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып тексеру рейдтері ұйымдастырылды. Мұның сыртында шағын және орта кәсіппен шұғылданып жатқан кәсіпкерлерге әдістемелік көмек көрсетілді.
Айлық соңында “Көрнекі ақпарат тілі: тәжірибе және өзекті мәселелер” деген тақырыпта семинар-кеңес өткізілді.Ондағы мақсат қаладағы көрнекі ақпараттың тілін реттестіріп, бір ізге келтіру еді. Соған орай жиын барысында тәжірибе алмасып, ой бөлісілді, қалалық жарнама агенттіктеріне нұсқау берілді.
Семинарға қаладағы өндірістік кәсіпорындар, ірі сауда орталықтары, жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын компаниялар, банктер және жарнама агенттік өкілдері шақырылды. Семинар барысында қалалық прокуратура қызметкерлері, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің қызметкерлері күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде баяндама жасап, заң баптарына түсіндірме берді. Сонымен бірге семинарға қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға дәйекті жауап айтылды.
Семинар соңында оған қатысушыларға методикалық және үлгі материалдары таратылды. Ендігі жерде қала көшелерінде жарымжан жарнамаларға жол берілмейтіндігіне сенгің-ақ келеді. Солай болғай да!
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, СЕМЕЙ.