• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Сәуір, 2014

Этносаралық ынтымақ – ел тірегі

905 рет
көрсетілді

Бүгінде Қазақстан Республика­сының аумағы – тарихи тағдыр тоғыстырған 120-дан аса ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы жарасқан мекеніне айналып отыр. Мұндай күйге жету біздің ел үшін де оңай болған жоқ. Кеңес Одағының ыдырау үдерісі басталған кезде жан-жағымыздағы ұлттық рес­пуб­ликалардың барлығы да өздерінің тәуелсіздіктерін жариялап, дербес мемлекеттерін құру қамына көшіп жатқанда, Қазақстан КСРО-ның ең соңғы көшінде қалды. Мұның өзі, бүгінде популизм­мен әуейіленіп жүрген әлдекімдер­дің айтқанындай, сол кездегі Қа­зақстанның «орталыққа» адал­дығынан немесе одан қорық­қан­дығынан туындаған жоқ еді. Оның тамыры тереңде жатты. Мұның негізгі себебі – сол кездегі Қазақстандағы демографиялық ахуал мен қазақ халқының әлеу­меттік әлеуеті болатын. Оның үстіне қайта құру жылдарында болған өзге ұлттық республикалардағы этносаралық қақтығыстардан сабақ алу қажет болды. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы – Елбасы Н.Ә.На­зарбаевтың бас­тамасымен ұлт мәсе­лесіне қатыс­ты орнықты саясатын қалып­тастырған, оны барлық ұлт­тар мен ұлыстардың ұлттық мүдде­леріне сәйкестендірген әлемдегі бір­ден-бір мемлекет болып табылады. Бұл сая­саттың негізі 1991 жылғы 16 желтоқ­санда қабылданған «Қазақстан Респуб­ликасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңда қала­нып, оның «Қазақстан Респуб­ликасының халқы мен азаматы» деп аталатын 2-тарауында анық жазылды. Міне, сол күннен бастап Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісім туралы айтудан шаршаған емес. Өйткені, ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісім – өзара түсініс­тік пен болашақ жолындағы мүд­де бірлігіне негізделетінін, ұлт мәселе­сінде күштеуге жол беруге болмай­тынын Елбасымыз бірінші күннен бастап анық түсінген еді. Алғашында халыққа ой тас­тап қо­­й­ып, ол идея санада пісіп-жетілген кезде оны жүзеге асыратын әдетімен Елбасы­мыз Н.Назарбаев 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қой­ды. Содан бері арада өткен 19 жыл ішінде Ассамблея Қазақ­стан Президенті жанындағы кон­сультативті-кеңесші орган дәрежесінен конституциялық органға дейін өсті. Елбасының ел бірлігін нығайту мен ұлтаралық татулықты күшейту жолындағы шараларына барынша қолдау білдіріп келе жатқан Ассамблея қызметін одан ары дамыта түсу аса маңызды. 1985 жылы басталған қайта құру саясаты аясында жүргі­зіл­ген «жариялылық» ұраны астын­дағы әдебиет пен тарихтағы «ақ­таңдақтарды» зерттеуге жол ашу нәтижесінде ұйыған айрандай болып көрінген кеңес қоғамының тас-талқаны шықты. Ұлттық әде­биет пен тарихтың зерттелуі тұншығып жатқан ұлттық идеяның оянуына, ұлттардың өзін өзі билеуге ұмтылысына алып келді. Мұның өзі империяда ортақ идеология болғанымен, барлық ұлттардың тең құқықтылығы сақталмаған жерде ортақ ұлттық идеяның болмайтынын нақты көрсетіп берді. Осыны жадына жақсы тұтқан Елбасы Н.Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бас­тап, Қазақстандағы барлық этностың ұлттық идеяларына қайшы келмейтін, олардың ұлттық идеяларындағы ортақ мүдделерге негізделген мемлекеттік идеология қалыптастыра білді. Бұл идеология «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз!» ұранымен қалыптастырылды. Барлық ұлттар үшін маңызды нәрсе – тіл! «Тілі жоғалған жұрт­тың өзі де жоғалады» дегенде Ахмет Байтұрсынов ешқандай жаңалық ойлап тапқан жоқ еді. Тек қана ащы шындықты ашып айтты. Сондықтан да Қазақстан Үкіметі барлық ұлттардың ана тілінде оқуына, мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтауға мүмкіндік жасай отырып, олардың өгей баланың күйіне түспеуін қамтамасыз етіп отыр. «...Мемлекетте бәрі де тең болуға тиіс. Этностық немесе басқа да белгілер бойынша жақсы немесе жаман деген болмауға тиіс. Бұл мәселе мен үшін декларативті емес. Егер біреуге этностық белгісі бойынша қысым жасалса, онда бүкіл қазақстандықтарға қысым жасалды деп есептеу керек» деген Елбасы Н.Назарбаевтың тұжырымы – қазақстандық халық­тар теңдігі мен достығын, олардың бірлігі мен болашағын қамтамасыз ететін идеология. Біздер қазақ халқының әрбір өкілінің осыны терең түсінгенін қалар едік. Келесі құндылық – діни наным-сенім. Қазақстан барлық этностық топтарға діни ұстанымы бойынша еркіндік беріп отыр. Сонымен қатар, Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының төрт съезін Астанада өткізе отырып, гуманистік идеяларды насихат­тауда белсенділік танытып келеді. Мұның барлығы да біздің халқы­мыздың жарқын болашағына бағытталған игілікті шаралар екені түсінікті. Қазақ мемлекет құраушы ұлт ретін­­­де барлық қазақстандық ұлттар мен ұлыстардың этнос ретінде дамуына жағ­дай жасап, олардың болашағына кепілдік беріп отыр. Бүгінгі таңда алдымызда біртіндеп Қазақстандағы барлық этностық топтардың мүддесін ескере отырып, қазақтың ұлттық идеясын жүзеге асыратын идеология жасау міндеті тұр. Ол идеология – мемлекет құраушы ұлттың ұлттық идеясы басымдыққа ие болған жағдайда ғана жалпыұлттық идеология бола алады. Біздің ойымызша, Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақ­сат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жол­да­уындағы дамыған 30 елдің қата­рына ену идеясы барлық қазақстан­дықтарды ұйыстыратын, оны ұлы мақсаттарға жетелейтін болады. Өйткені, Елбасымыз атап көр­сеткендей, қазақстандық 125 ұлт пен ұлысқа, 17 конфессия үшін ортақ құндылықтардың ірге­тасы қаланып, барлық этнос­тық топтардың ұлттық идеясына қай­шы келмейтін міндеттер қойылды. Қазақстан Президенті Н.На­зарбаев «Қазақстан-2050» Стра­тегиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр» атты тақырыппен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XX сессиясында: «Қазақстан – біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас болашақ. Біздің мерей­тойлық сессиямыз – бүкіл қазақ­стандықтардың игілігі жолындағы жаңа жұмыстар үшін жақсы бас­тау. Алдымызда үлкен жоспарлар тұр. Оларды жүзеге асыру жаһандық құбылулардың күрделі жағдайларында жүретін болады. Оған бүгіннен бастап дайын болып, халық бірлігін бүкіл күш-жігермен бекемдеу қажет. Сондықтан да біз бір халықпыз – бір елміз – бір тағдырмыз!» деген болатын. Бүгінгі Қазақстан халқының алдында тұрған ұлы міндет – мемлекетіміздің тәуелсіздігін одан ары нығайтып, ортақ үйімізді өркендету! «Көпұлттылық кемшілігіміз емес, артықшылығымыз», деген Елбасы Н.Ә.На­зарбаевтың ұлағатты сөзінде үлкен астар жатыр. Мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақ халқы елімізді мекен еткен барлық ұлттар мен ұлыстардың дамуына жағдай жасап келеді. Бұл бағытта біздің университетімізде де мазмұнды іс-шаралар кешені жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, біздің университетте халықтар достығына арналған фестивальдар, ғылыми-практикалық конференциялар, дөңгелек үстелдер өткізу игі дәстүрге айналған. Оқу үдерісіне толеранттылық курсы енгізілген. Бұл пәнді оқыту барысында Қазақстанды мекендейтін ұлттар мен ұлыстарға құрметпен қарау, олардың тілін, салт-дәстүрін сыйлау және т.б. мәселелер жан-жақты оқытылуда. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы аясында 2011 жылдың сәуір айында уни­верситетімізде «Бірлік» атты Студенттік ассамблея құрылды. Ассамблеяның ережесі жасалып, өзге ұлт өкілдерінен кеңес құрамы бекітілді. Аталған ұйым құрылған сәттен бастап өзге ұлт өкілдері студенттерін университеттегі барлық іс-шараларға тарту жолында үлкен қызмет атқарып келеді. Сөйтіп, «Бірлік» Студенттік ассамблеясы Елбасының ұлтаралық келісім мен конфессияаралық ынтымақтастық саясатын оқу орнында жүзеге асыру мақсатында жастар саясаты мен ұлтаралық мәдениетті қалыптастыру ісіне өз үлесін қосуда. Мемлекеттік идеология билік пен халық жақындасқанда, өзара түсінік пен үйлесім қалыптасқан кезде орасан зор күшке ие болады. Идеологияның күші оның халыққа әсерінен көрінеді. Олай болса, өсіп-өркендеген Қазақстанды құру идеологиясы халықтың көңіл-күйі мен бүгінгі заман талабына сай келген сарабдал саясат болады деген ойдамыз. Серік ПІРӘЛИЕВ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті­нің ректоры, Алматы қалалық мәслихатының депутаты.