Павлодар облысында белгісіз ішімдіктен уланғандардың жетеуі де көз жұмды, деп хабарлайды Egemen.kz Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 48 жастағы тұрғын Павлодар қалалық №3 ауруханасының реанимациясына жатқызылған.
«Науқас 1974 жылы туған, жағдайы өте ауыр деп бағаланды. Өкінішке қарай, пациентті құтқару мүмкін болмады. Осылайша, белгісіз сұйықтықтан уланған жеті адам да қайтыс болды», деп нақтылады ведомство.
Еске сала кетейік, Павлодар облысында белгісіз сұйықтықтан 7 адам уланып, бесеуі қайтыс болды. Кейін ауруханаға жеткізілген тағы бір науқас көз жұмған.
Айта кетейік, полиция бүкіл көз жұмғандардың Ертіс ауданы тұрғынының үйінде бір ыдыста сақталған шығу тегі белгісіз сұйықтықты ішкенін анықтады. Ыдыс алынып, сұйықтықтың қалдығына сараптама жасалатын болды.
Зерттеу нәтижесі бойынша өлімнің себебі анықталады.