Солтүстік Қазақстан облысында жаңа кірпіш зауыты ашылады деген әңгіме осыдан екі жыл бұрын басталған еді. Зауыт Қызылжар ауданындағы Подгорное ауылында салынады және бөлінетін инвестиция көлемі 1 млрд теңгені құрайды деп болжанған. Өндіріс қуаты тәулігіне 150 мың кірпіш өндіруге жететіні және 150 адамға жұмыс орны ашылатыны да айтылған. Бірақ бұл кезде қатты өршіп бара жатқан індет аяққа тұсау салып, жұмыс қарқыны баяулап қалған еді.
Подгорное ауылының бұл жобаға тартылуы да тегін емес. Өйткені елді мекен облыс орталығынан бар болғаны 30 шақырымдай жерде орналасқан және кірпіштің негізгі шикізаты – лайбалшықты да жақын маңнан өндіруге болады. Өзі үлкен жолдың үстінде болғандықтан қаладан қысы-жазы жұмысшыларды жеткізуге де еш кедергі жоқ. Алайда 2021 жылы алғашқы өнімін береді деген өндірістің жұмысы жоғарыда айтылған себеппен тоқырап қалған-тын.
Бірақ «СК Кирпич» ЖШС құрылтайшысы Гарик Бернецян да алған бетінен қайтпай, кірпіш зауытын іске қосты. Өндіріс ошағының ашылуына облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысып,өнеркәсіптің алғашқы өнімдерімен танысты.
Әрине, зауыт төрт аяғынан тең басып кетті деу қиын, әлі де жетілмеген жағы көп. Құрылтайшының өзі жұмыс күшіне толық енгенде 160 адам жұмыс істеп, айына 4,5 млн дана кірпішке дейін шығаратынын айтты. «Әзірге кірпіштің екі түрін шығарамыз, қазір бір желі ғана іске қосылып, 80 адам еңбек етіп жатыр. Лайбалшықты жергілікті орындардан аламыз. Оған көмір қосып күйдіріп, дайын өнім шығарамыз», деді ол.
Өнімнің қаншалықты сапалы боларын уақыт көрсетер, бірақ жергілікті құрылыс компанияларына 110-120 теңгеден сатылып, кірпішті алыстан тасытпай, құрылыстың өзіндік құнын төмендетуге септігін тигізері хақ.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов маңызды жоба 4 пайыздық өсіммен берілген 800 млн теңгеге бой көтергенін айтты. Біз құрылыс компанияларына қажетті негізгі құрылыс материалын жақыннан табуды көздеп, кірпіш зауытын салатын инвесторды ұзақ іздедік. Сөйтіп талабымызға сай келетін инвесторды екі жыл бұрын таптық. Енді, міне, жобаның іске асырылғанын көріп отырмыз. Біз компанияға жер учаскесін де бес жылға тегін бердік. Түрлі салықтан да босаттық. Кәсіпорын құрылысына инвестордың салғанымен қоса есептегенде, барлығы 1,8 млрд теңге қаражат құйылды. Алдағы 2-3 айда бұдан басқа да құрылыс материалдарын жасайтын кәсіпорындар ашуды жоспарлап отырмыз. Сөйтіп жергілікті құрылыс компанияларын ішкі материалдармен толық қамтамасыз ету жөніндегі мақсатымызды орындаймыз», деді ол.
Кірпіш өңдеуді жақсы игерген солтүстікқазақстандықтар бұрын облысты ғана емес, көршілес өңірлерді де қамтамасыз ететін. Енді Үкіметтің қолдауымен сол жетістікті қайтадан жандандыруға жол ашылып отыр.
Солтүстік Қазақстан облысы