Жыл өткен сайын ауқымы кеңейіп келе жатқан «Алматы кітап жәрмеңкесі» биыл да ойлы оқырманы мен баспа үйлерінің, танымал қаламгерлердің басын қосып, Алматы қаласындағы Ғылым Ордасы орналасқан Ш.Уәлиханов атындағы атшаптырым алаңды үш күн бойы нағыз рухани көмбеге айналдырды. Қаз-қатар тізілген аппақ шатырларда қызып жатқан кітап саудасы Қазақстан өнер шеберлері шырқаған әнмен сүйемелденіп, шаһар аспаны шабытпен оқылған ақындар жыры мен төгілген күйге тербеліп тұрды.
Ауа райының қолайсыз, күннің жауынды болғанына қарамастан жақсы бастаманы қолдап, кітап мерекесіне келгендердің қарасы қалың болды. Кітап жәрмеңкесінің мереке әрі маңызды бизнеске айналғанын көрме қонақтарының сүйікті авторларымен кездесуге асығып, кітабын қолтаңбамен сатып алып жатқанына қарап бағамдауға болады. Кітап нарығының жаңалықтарымен танысуға келген Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев пен Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев салтанатты жиында сөз сөйлеп, баспагерлермен тілдесті.
– Бұл жәрмеңкеге отандық 55 кітап мекемесі мен Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан секілді көршілес елдерден баспагерлер мен арнайы делегация қатысып отыр. Мәдениет және спорт министрлігі кітап ісі саласындағы оң бастамаларды әрдайым қолдап келеді. Атап айтқанда, биыл жаңа «Қазақ әдебиеті» сериясымен жас қаламгерлер мен жаңа есімдердің шығармалары арнайы логотиппен басып шығарылады. Оған қоса, «Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті» сериясымен жалпы таралымы 72 000 данада балалар әдебиетін басып шығарып, мемлекеттік кітапханаларға таратуды көздеп отырмыз. Министрлік биыл алғаш рет республикалық деңгейде «Үздік балалар шығармасы», «Жылдың үздік кітабы», «Жас қаламгер» жобаларын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Аталған жобалар аясында балалар әдебиеті авторлары мен жас қаламгерлерді қолдап, отандық авторлардың комикстерін, балаларға арналған өзекті әдебиеттерді басып шығару қарастырылуда, – деді Д.Абаев салтанатты жиынды ашу рәсімінде сөйлеген сөзінде.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, министрлік 2023 жылдан бастап жас қазақстандық жазушылар мен ақындар үшін арнайы Президенттік әдеби сыйлық тағайындау туралы жобаны әзірлеп жатқанын сүйіншіледі. Президенттік сыйлықты тағайындауда проза, поэзия, драматургия, балалар әдебиеті номинациялары енгізіледі. Аталған сыйлықты Қазақстанның 19 бен 29 жас аралығындағы азаматтарға табыстау қарастырылған. Мәдениет және спорт министрі әлем елдеріндегі мәдени іс-шаралар тәжірибесін негізге ала отырып, осындай ауқымды кітап жәрмеңкесін ұйымдастыруға ерекше қолдау білдірген Алматы қаласының әкімдігіне алғыс айтты.
Кітап пен қаламгердің насихаты үшін таптырмас іс-шараға айналған кітап жәрмеңкесінде әдебиет және өнер қайраткерлерімен кездесулер, жаңа кітаптардың тұсаукесер рәсімдері және маңызды тақырыптар бойынша мамандардың қатысуымен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Қазақстанда кітап мәдениетін дамытуды басты бағдары етіп отырған Мәдениет министрлігі осындай жәрмеңкені әр өңірде өткізуге дайын екенін жеткізді.
АЛМАТЫ