Елордада «Денсаулық-зор байлық» отбасылық марафонына қатысуға өтінімдер қабылдау басталды, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырып отырған отбасылық марафонның ұзақтығы – 21 күн.
Жеңімпаздар 21 күнде жүріп өткен километр ұзақтығы бойынша анықталады. 20 жеңімпаз отбасыға спорт тауарларын сатып алуға 50 000 теңгеге сертификат беріледі.
Байқау шартына сәйкес, алдымен картада жүгіру бағытын көрсететін Strava жүгіру бағдарламасына тіркелу қажет. Отбасылық жүгіру қашықтығы күніне кемінде 1 км болуы тиіс. Бұл ретте ерлі-зайыптының екеуі де 21 күн ішінде жүгіруге қатысады, тек олардың жалпы нәтижесі ескеріледі.
Сондай-ақ күн сайын фотоесеп жіберіп отыру қажет. Ол үшін қашықтық пен бағытты көрсететін қосымшадан сілтемені көшіріп, @elorda.otbasy және @ns_jastary (15 секунд - 1 минут) аккаунттарын белгілей отырып, Instagram-ға видео жариялау керек.
Марафонға қатысуға өтінімдер 2022 жылғы 31 мамыр күні сағат 13-тен 23:59-ға дейін WhatsApp мессенджері арқылы қабылданады: +7 777 691 27 52