ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен ел Экономикасын демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті, деп жазады Egemen.kz.
Отырыс аясында Кеден одағының техникалық регламенттеріне сәйкес келмейтін өнім шығаратын жеке мұнай өңдеу зауыттарынан (МӨЗ) салықтық жеңілдіктерді алып тастау, бизнес субъектілеріне МӨЗ-дегі инфрақұрылым объектілерін қолжетімді ету, оларда мұнай өнімдерін сақтауды регламенттеу, сондай-ақ мұнай өнімдерін тиеу және тасымалдау қызметтеріне тарифтерді төмендету тұрғысынан реттеу бойынша ҚР Энергетика министрлігі әзірлеген ұсыныстар талқыланды.
Сонымен қатар МӨЗ-де қауіпсіздік жүйелеріне аудит жүргізу, өнімді өндіруді, сақтауды, сыртқа шығаруды және басқа да технологиялық процестерді бақылау, сондай-ақ олардың аумағында сұйытылған мұнай газын сақтау парктерін салу және олардың қызметімен байланысты мәселелер қаралды.
Сондай-ақ отырысқа қатысушылар «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және т. б. қызметіне қатысты кейбір мәселелерді қарады.
Талқылау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Комиссияның келесі отырысында шешім қабылдау үшін бірқатар тапсырма берді.