• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Референдум 01 Маусым, 2022

777 учаске сақадай сай

268 рет
көрсетілді

Қарағанды облысында Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша өтетін референдумға әзірлік жұмыстары қыза түсті. Қазірдің өзінде осы мақсаттағы барлық қажетті құралмен жабдықталған, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жағдай жасалған 777 учаске сақадай сай тұр.

Маңызды саяси оқиғаға санаулы күн қалғанда облыс әкімдігінде референдум өткізуге дайындық ба­рысын талқылаған кеңейтілген отырыс өтті. Оған облыстық референдум комиссиясының мүшелері, департаменттер мен басқармалардың басшылары, бейнеселек­тор режімінде – қалалар мен аудандардың әкімдері және аумақтық референдум комиссияларының төрағалары қа­тыс­ты.

Қарағанды облыстық референдум комиссиясының төрағасы Ерқара Аймағамбетов референдумға дайын­дық­тың шешуші кезеңге жеткенін атап өтті.

– Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қыруар жұмыс атқарылды. Бүгінде барлық учас­ке­ 100 пайызға дайын деп айтуға болады. Ма­териал­дық-техникалық база толық қамтамасыз етілген. Мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше көңіл бөлінді. Сай­лаушылар тізімін нақтылау жалғасуда, – деді Е.Аймағамбетов.

Отырыс барысында сөз алған құқық қорғау органдары мен бірқатар басқарманың басшылары да референдумға әзірліктің ойдағыдай жүріп жатқанын баяндады.

Еске сала кетсек, облыс орталығы Қарағандыда 179 учаске бар. Онда дауыс беретін сайлаушылар саны 330 872 адам болады. Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл жауапты саяси іс-шараға дайындықтың жоғары деңгейде екенін айтты.

Сондай-ақ референдум қарсаңында Теміртау қаласындағы Қарағанды индустриалдық универ­си­те­тін­де «Жаңа Қазақстан: жаңа көзқарас» деген атаумен қалалық мәслихаттың депутаттарымен кездесу өтті.

Іс-шара барысында Теміртау қалалық мәслихатының хатшысы Алексей Ломакин «Конституциялық реформалар туралы» тақырыбында баяндама жасап, Ата Заңға енгізілгелі жатқан өзгерістердің өміршеңдігін, өзектілігін айтып, референдумға тұрғындардың оң көзқараспен қарауының өте маңызды фактор екенін ерекше атап өтті.

Сондай-ақ «Референдум – халықтың өз еркін білдірудің бір нысаны» тақырыбында баяндама жасаған Қазақстан тарихы, әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі Мағира Солтан бұл саяси іс-шараның Жаңа Қазақстан тарихында өте жауапты рөл ойнайтынына баса мән берді.

Қалалық мәслихаттың депутаты Сәуле Дүйсебаева, ҚИУ-дің студенттер парламентінің президенті Арайлым Тілеубектің сөздері де осы арнада тоғысты. Бар мақсат – алдағы болатын маңызды оқиға – Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша өтетін референдумның ойдағыдай өтуіне бір кісідей атсалысу.

 

Қарағанды облысы