Петропавл қаласының тұрғыны Марат Нығыметов 54 жасында қаладағы байырғы спорт мектеп-интернатына түсіп, биыл бітіргелі отыр. Қазір Солтүстік Қазақстан облысының олимпиадалық резервінің мектеп-интернаты аталатын бұл оқу орны жаттықтырушы-оқытушы мамандарын даярлайды.
Бұл оқуды тәмамдағандар балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларын жүргізе алады. М.Нығыметовке осындай диплом керек болған соң жасының өткеніне қарамай балаларынан да кіші жастармен қатар күндізгі оқудың үстеліне отырған. Оқушылар түгілі мұндағы мұғалімдердің өзі – Мәкеңнің балаларындай. Алғаш құжаттарын тапсыруға келгенде шыны ма, әзілі ме деп сенбей, кейін облыстық білім басқармасынан рұқсат алып қабылдаған екен.
М.Нығыметовтің әңгімесі сенімді, «адам жасына қарамай кез келген кедергіні бағындыра алады, мен соны дәлелдемекпін» дейді. Жасынан спорттың көптеген түрімен айналысқан екен. Соның ішінде каратэден қара белбеу иесі атаныпты. Бокспен, волейболмен, футболмен де айналысқан. «Үйіміздің жанындағы стадионнан күні бойы шықпай, кез келген спорт түрімен айналыса беретінмін. Сол әдет өмірімде әлі де қалмай келеді. Қазір гір көтерумен де айналысамын. 24 килограмдық екі гірді әр қолыммен 50 рет көтере аламын», дейді ол.
Жеке өмірі туралы Мәкең жарылып айта қоймайды. Тек Целиноград қаласында туып, әке-шешесі ажырасқан соң анасымен бірге алты жасынан Петропавлға көшіп келіп, тұрып жатқанын ғана айтты. Оқуды еңсеруі туралы айтқан мектеп-интернат директорының орынбасары О.Остафейчук үлгерімі жаман емес екенін жеткізді. Тек биыл ғана көп сабақты жібергені үшін шәкіртақыдан қағылыпты.
Колледжді бітірген соң М.Қозыбаев атындағы университеттің дене тәрбиесі факультетіне түсу ойы да бар екен. Өзі жасының ұлғайып қалғанын тіпті ауызға да алмайды. Бәрі де оған әлі алда сияқты. Міне, Петропавлда осындай оптимист адам өмір сүріп жатыр. Оның ісі үлгі ме, жоқ па, оны әркім өзінше бағалар, ең бастысы, ол жасқа қарамай адам ағзасының төзімді бола алатынын дәлелдеп жатыр.
ПЕТРОПАВЛ