Екібастұз қаласындағы магистралды су құбырларының 68 пайызы, жылу желілерінің 86 пайызға жуығы әбден тозған. Жылдар жылжыған сайын ескірмесе, жаңаратын түрі жоқ. Соның салдарынан тұрғындар қыста пәтерінде бүрсеңдеп, аурухананың есігінен сығалауға мәжбүр. Ал әкімдіктің табалдырығын тоздырып болған. «Етікші етікке жарымапты» демекші, көмірге «көмілген» өңірдің өмірі өкінішпен өтіп жатыр.
Баяғыда оқушылардың айғайына шыдап жүрген сабырлы мұғалім «бір күні мен де жарыламын» деген екен. Шыдамның да шегі бар. Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың екібастұздықтармен кездесуінде жергілікті тұрғындар көмек сұрады. Жылады. Бұл – қақаған қаңтарда пәтерінде аяғынан сыз өткен баланың жасы. Аязды ақпанда пальтомен ұйықтаған қариялардың жанайқайы. Желтоқсанның желі терезеден гулеп, алақанын үрлеп суыған шайын кесенің түбінде қалдырған жас отбасылардың жан жарасы.
Энергетиктер көшесі, 73 мекенжайында орналасқан үйдің тұрғындары соңғы 20 жылда жылуға жарымай отырғандарын жеткізді. Көшенің атауы Энергетиктер деп аталғаннан не пайда? Жиында 100 пәтер иесінің атынан сөйлеген әже әр қыста ауруханаға түсетінін, үйден дала жылы екенін ашына айтты. №28 шағын ауданның тұрғындары да 1989 жылдан бері мұрынынан су ағып, бүрсеңдеп келеді. Үш жыл бұрын аталған ауданда құбырлар жаңартылып, тұрғындар жылудың рахатын сезінеміз деп қуануы мұң екен, әр жылу маусымы сайын құбырлар жарылатын көрінеді.
Ал Дружба, Жұмат Омашев және Воинов-интернационалистов көшелерінің тұрғындары 10 жыл бойы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосыла алмай жүргендерін айтты. Жағалай орналасқан 15-ке жуық үйдің тұрғындарының жанайқайы сол.
– Инженерлік игіліктерден мақұрым қалдық. Қалада тұрсақ та әлі күнге дейін пеш жағамыз. Қысқы маусымда 20 тоннадай көмір тұтынамыз. Көмірдің үстінде отырсақ та, қара отынның бағасы жыл сайын қымбаттауда. Жылу электр стансаларының іргесінде тұрып, жылуға жарымай отырғанымыз өкінішті. Әкімдік жылу желісін үйдің ауласына дейін жеткізіп берсе, әрі қарай үйге өзіміз тартып алатын едік, – дейді тұрғындар.
Белгілі болғандай, шаһардағы жылу желілерінің ұзындығы 422,83 шақырымды құрайды. Оның басым бөлігі «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-нің иелігінде (342,622 шақырым). Бүгінде аталған мекеменің есебіндегі жылу құбырларының 85,98 пайызы тозған. Өкінішке қарай, жыл сайын жөнделуге тиіс көлемнің жартысы ғана орындалады. Жылу таратуға жауапты ұйым басшылығы «тариф құны төмен, сол себепті жөндеу жұмыстарына қаражат жетпейді», деп өздеріне шаң жуытқысы жоқ.
Біздің жазғанымыз екі-үш мысал ғана. Күн сайын қала әкімінің сайтына келіп түсетін өтініштер қаншама?! Қыс болсын, жаз болсын коммуналдық мәселелер бойынша арызданатын азаматтар аз емес. Өңірдің инженерлік желілер жүйесі жаңғыртылмай, шағымдардың азаюы екіталай. Моноқалаларды дамыту жобасы шеңберінде Екібастұз қаласына қазынадан қомақты қаражат қарастырылғаны белгілі. Бұл ретте, шаһардың коммуналдық жүйесі жаңа кейіпке енеді деген сенім мол.
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы