Маңғыстау ауданына қарасты Жармыш ауылының тұрғыны Мағауия Нұрғазиев құс өнімдерін өндіруді қолға алды.
Маңғыстау ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Мағауия Нұрғазиев бес жылдан бері жеке тұрғын үйінің 200 шаршы метр аумағына жеміс ағашы мен көкөніс өсірген. Биылдан бастап құс шаруашылығы кәсібін қолға алды. Бүгінде ол 100-ге жуық балапан бағып отыр. 10 шақты күркетауықтан күніне 10-15 жұмыртқа алады. Сонымен қатар «Цезарка», «Адлер», «Күркетауық» жұмыртқаларын инкубаторда көбейтуде.
– Құс өсірудің өзіндік әдіс-тәсілі бар. Жұмыртқа алдымен арнайы инкубаторға салынады. Оның ылғалдылығы мен жылуын қадағалап отыру қажет. Әр күн сайын жылу көрсеткішін көбейтіп, ылғалдылығын сақтап отырамын. Белгілі бір күннен кейін инкубаторды желдетіп, сол аралықта жұмыртқаның балапанға айналуын тексеремін. Егер тамырланбаса, онда оны әрі қарай инкубаторда сақтаудың қажеттілігі жоқ. Инкубатордан шыққан соң арнайы орынға балапандарды орналастырамын. Ол жерге жарығы, жылуы, суы мен жемі уақытпен және өлшеммен беріледі. Күркетауықтың шөбі мен жемі бөлек болады. Қарапайым тауықтар секілді кез келген жемді жемейді. Сондықтан әр тауықтың бабы әр бөлек, – дейді Мағауия Нұрғазиев.
Тауықты қолдан өсіріп, оны көбейтіп, еті мен жұмыртқасын сатуды көздеген Мағауия алдағы уақытта «Павлин» құсын да өсіріп, құс еті мен жұмыртқасын аудан көлемінде дамытқысы келеді.
Маңғыстау облысы