Шығыс Қазақстан облысында орман өртімен күрес жалғасуда. Қазіргі таңда өрттің таралуы тоқтатылды, деп хабарлайды Egemen.kz өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кеше, 1 маусымда «Семей орманы» МОТР аумағында Жаңа-Семей филиалы, Подгороднее орманшылығы орман жабыны аймағында (қарағай) өрт шықты.
Өртті сөндіруге облыстық ТЖ департаментінің, жергілікті атқарушы органдардың, әскери бөлімнің орманшылары мен күштері жұмылдырылды.
«Қазіргі уақытта өртпен арпалыс жалғасуда. Барлығы жеке құрамнан 399 адам және 85 бірлік техника жұмыс істеп жатыр. Семей қаласында өрт қауіптілігінің 5 сыныбы жарияланған», делінген хабарламада.
Болжам бойынша өртке найзағай себеп болған. Қазір өрт алаңы анықталып жатыр. Жағдайды әуеден бақылау үшін «Қазавиаорманқорғау» «Ми-2» тікұшағы тартылды.
ТЖД ақпаратынша, қазір өрттің таралуы тоқтатылды. Орман іші аймағында жұмыстар жүргізілуде.
Еске сала кетейік, кеше Семей маңындағы қарағайлы орманның өртеніп жатқанын хабарлаған едік.