Кеше облыс орталығында «Референдум: Әділетті Қазақстан жолында» атты Sarap сарапшылық клубының аймақтық отырысы өтті. Жиында конституциялық реформаның маңыздылығы тілге тиек етіліп, қатысушылар өз ойларын ортаға салды.
Іс-шараны Референдумды қоғамдық қолдау республикалық штабының қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымдастырғанын атап өткен жөн. Аталған мекеменің басқарма төрағасы Қазбек Майгелдинов еліміз жаңа тарихи кезеңге қадам басқанын айта келе, жұртшылықты маңызды оқиғадан қалыс қалмауға шақырды.
– Президент атап өткендей, конституциялық реформалар барлығына тең мүмкіндіктер мен тең жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған. Еліміздің Негізгі Заңына Мемлекеттік басқару моделін өзгертетін және азаматтардың саяси процестерге ықпал ету мүмкіндіктерін күшейтетін елеулі өзгерістер енгізілуде. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында Президенттің өкілеттілігін шектеу және әкімдер мен мәслихаттарға жергілікті жерлерде шешім қабылдау кезінде дербестік беру арқылы «қолмен басқару» тәжірибесінен кету қажеттілігін айтқан болатын. Осыған байланысты Президенттің облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерінің актілерін тоқтата тұру немесе олардың күшін жою жөніндегі құқығын, сондай-ақ аудан және ауыл әкімдерінің лауазымынан босату құқығын алып тастауға байланысты өзгерістер жоспарланып отыр. Президенттің мұндай өкілеттіліктері жойылады. Бұл реформа жергiлiктi атқарушы органдардың нығаюына, саяси жаңғыруына ықпал етуге тиiс, – деді Қ.Майгелдинов.
Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова павлодарлықтар белсенділердің қатарынан табылатынына сенім білдірді. Бұл ретте облыстың түкпір-түкпірінде тұрғындарды ақпараттандыру жұмыстары жүйелі жүргізілген.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдумға байланысты жолдаған өзінің бейнеүндеуінде Конституциялық реформаның мақсаты мен маңызын нақты түсіндірді. Ол бүкіл халықтың шешімі бойынша ауқымды саяси өзгерістер жүргізу қажеттігін атап өтті. Бәріміз бірге біздің жарқын болашағымыздың кепілі болып табылатын конституциялық реформаны жүзеге асыруға үлес қосайық, – деді А.Құрманова.
Референдумды қоғамдық қолдау республикалық штабының облыстық өкілдігінің төрағасы Серік Сәдуақасов халық арасында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында өңірлік қоғамдық штабын құрылғанын, бұл ретте тұрғындарға Конституцияға енгізілетін толықтыруларға түсініктеме берілгенін жеткізді.
Павлодар облысы