• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
19 Мамыр, 2010

КӨРКЕМ ГИМНАСТИКАНЫҢ ПРИМАСЫ

1064 рет
көрсетілді

Бейжің Олимпиадасының ал­дында көркем гимнастиканың білгірі, тәлімін көрген шәкірттері Олимпиададан әлем чем­пио­на­тына дейінгі аралықтардағы жа­рыс­тардың бар жүлделі орын­дарын бөлісіп жүретін даңқты Ирина Виннер былай деген. “Бейжіңде топ жаруға лайық төрт-бес көркем гимнасшы бар. Солардың бірі – Әлия Жүсіпова”. Виннер әрине, Әлияның төл­құжатқа жазылып кеткен тегімен Алия Юсупова дейді. Өзіміз Алия­ны Әлия деп қазақшалай қоямыз да, фамилиясына келгенде қа­зақ­шамыз таусылып қалады. Юсу­пова деген соң спорттағы жұрт­ты қойып, өзі­мізде де Әлияны көр­мегендер татар қызы шығар деп шатасып жатады. Шындығында ешқандай қос­па­сы жоқ қазақ қызы ғой. Әкесі Мақсұт бокстан Оңтүстікте алғаш­қылардың бірі болып спорт шебері болған. Әлия Жүсіпова Сәуле Бар­лыбаева, Алтын Батырбекова әпке­лерінің жолын қуып, ұзақ жыл­дар бойы әлемдегі үздік бес­тіктің ішінде болды. Сол Әлиямыз үлкен спортпен қош­тасты. Туған халқына, сүйікті Отанына көркем гимнастиканың алтынын сыйлау үшін барын сал­ғаны анық. “Үйдегі көңілді базар­дағы нарық бұзады” дегендей, қай­сында да Әлияның кері тарт­қан жері жоқ. Жеңіл атлеттердің бақы­ты мә­ре­ге қалай келгені секөнт­тердің шашылып қалған қиқымына дейін жаңылмай есеп­тейтін құрал­дары ар­қылы анық­та­латындығы. Ал, қазы­лар алқасы анықтайтын спорт түр­ле­рінде пен­делік деген болып жатады. Қазылар алқасына сөзі өтер ық­пал­ды ағайының болмаған жағдайда қанша жерден талантты болсаң да шекесі қырыстанып, ұй­қысы шала болған біреуі көкейін­дегі спортшы­ның алдына шығып кетпеуі үшін ұпайыңды төмен бере салса бітті. Әлия осы қиянатты көп көрді. Афина Олимпиадасында ке­мін­де күміс медаль алуы керек еді, көрермендердің жер тепкілегеніне қарамай олжасын көпе-көрнеу техникалық қате жіберген Ресей қызына алып берді. Бейжің Олимпиадасында да украиналық Бессонова мен қазақ қызы Әлияның өнері қайта қара­лып, ұпайлары жоғарылатылғанын көзіміз көрді. Бәзбір ағайындар арасында Әлияның үлкен спортпен салта­натты қоштасатындығы сөз бол­ғанда “ол алтын медаль алған емес, ондай құрмет не керек” дегендері де болған. Мұнымыз да пендешілік. Көркем гимнастика­дағы көркем қызымыз алтын ала алмай жатса, сондай аламанға ықпалды әділқазы дайындай алмай жүрген өзіміз кінәліміз. Елбасыға рахмет. Шымкентке келіп, спорт сарайында спорт­шы­лармен кездескенде “Әлия, мен сенің жеңетініңе сендім” деді. Облыс басшысына Әлияға жеке гим­настика мектебін салу керек­тігін айтты. Әлия тұрмысқа шық­қанда Туризм және спорт ми­нистрі Темір­хан Досмұхамбетов тойға арнайы келіп, Елбасының атынан авто­көліктің кілтін ұсын­ды. Әлия­ның бағасын білу деген осы. 2006 жыл. Катар. Дохада Азия ойындарының байрақты бәсекесі қызып жатыр. Ақ көйлегі қызыл тобығын жауып жүретін, аузынан алласы түспейтін арабтар етегіне сүрі­ніп жүретіндей халде емес. Спорт сарайлары бірінен-бірі өтер­­дей сәнді, алып түндігі бәске түс­кендердің буынан желп-желп етеді. Қазақтың бота тірсек, бота көз аруы Әлия Жүсіпова көркем гим­настиканың төрт түрінен өткен сынында бар алтынды бір өзі сы­пырып алды. Командалық есепте де Қазақстанды алға шығарар­лықтай ерлік жасады. Екі өкпемізді қолымызға алып арасын жұқа шатыр бөлген күрес залына асықтық. Роман Мелешин ақтық сында айқасып жатқан еді. Бір кезде айқай-шуды тұншық­ты­рып Қазақстаның әнұраны ойнал­ды. Әлияның құрметіне. Әлияның үзеңгілес серіктерінің құрметіне. Осы кезде Роман төрттағандап жатқан қарсыласын жерден қап көтергендей салақтатып жұлып алды. Шеке тамырлары білеуленіп сәл тұрды да оң жақ қапталға бір-ақ ұрды. Роман Мелешин де Азия ойын­­дарының жеңімпазы. Алып сарай­ды қуанғаннан мойыны­мызға іліп кетердей халде жүрміз. Соңынан Роман айтты ғой. Қазақ­станның Әнұранын естігенде кеу­деме алапат күш бітті деп. Солай. Әлия өзі ғана алтын алып қоймай серіктеріне және Шығыстың балуа­нына да алтын ұстатқан. Сол Әлия, Азияның екі дүркін абсолюттік чемпионы, Азия ойын­дарының жеңімпазы, Қазақстан­ның он дүркін чемпионы, Афина Олимпиадасында төртінші, Бей­жіңде бесінші орын алған, талай халықаралық турнирлерде мәреге маңдайы жарқырап дара келген Әлия Жүсіпова үлкен спортпен қоштасты. Шымкенттегі Қажымұқан атын­­­дағы стадионға халық көп жиналды. Даңқты қызын атына сай шығарып салу үшін. Облыс­тық мәслихаттың хатшысы Әбіл­қасым Досболов ағасы құттықтап, облыс әкімдігі атынан автокөлік кілтін ұсынды. Туризм және спорт ми­нистр­лігі Спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов ҰОК-тің “Ал­тын” орде­нін табыс етті. Әлия оқы­ған М.Әуе­зов атын­дағы ОҚМУ ректоры, академик Уәлихан Би­шім­баев Әлия Жүсі­поваға арнайы ашылған көркем гим­настика мек­тебінің кілтін ұсынды. Тұңғыш рет көркем гимнасти­кадан өткізіліп отырған халықара­лық турнирге Әлияның үлкен спортта бәсекелесі, былайғы өмір­де досы болған әлем чемпионы Ольга Капранова өнерін көрсетті. Әлияның құрметі үшін. Облыстық спорт және дене тәрбиесі басқар­масының бастығы Болат Қырық­баев халықаралық турнир өз мә­нін­де өту үшін көп жұмыс жа­са­ды. Ойдағыдай өткізді. Әлия Жүсіпованың гимнастика залында 11 команда арасында өткен турнир тартысты болды. 2000-2001 жылы дүниеге келгендер арасында Мәдина Нұрғали (Қара­ғанды қаласы) бірінші орын алса, екінші орынды Диера Хакимова (Өзбекстан), үшінші орынды Ару­жан Әнуарова (Тараз) жеңіп алды. 1998-1999 жылғылар арасында бас жүлде ресейлік Юлия Бравиковаға бұйырды. 1996-1997 жылғылар ара­сындағы жарыста тағы да Ресей қыздары дараланды. Юлия Ни­коль­ская – алтын, Дарья Коло­бова қола медаль алды. Астаналық Әлия Асылова күміс медальді еншіледі. Әлия Жүсіпова бүгінде Қазақ­стан құрамасының аға жаттық­тыру­шысы. Әділ қазылардан қысас­тықты көп көрген қызымыз халықаралық төреші сертифи­катын алды. Құдай қос көрсе, көркем гимнастикадағы спортшы­ларымызға бас-көз болады. – Азды-көпті еңбегімді ес­ке­ріп, салтанатпен шығарып са­лып отыр­ған ағаларымызға, хал­қы­мызға рах­мет, – деді ол. – Бірақ, мен спорт­тан түбегейлі кет­кен жоқпын. Аға жаттық­тырушы ретінде шәкірт­теріміздің Отаны­мыз­ға жеңіс сыйлауына үлес қосамыз. Бос сөзге, құр мақтанға табиға­ты келмейтін көркем гимнастика­мыздың примасы осылай деді. Мүмкін, ұстазы Ирина Виннер сияқты Олимп биігіне шәкіртін өзі жетелеп шығар күндерге де жетер­міз. Ондай ерлік алдында Әлия мен Мәншүктей Батыр апа­лары бар Әлияның қолынан келеді. Бақтияр ТАЙЖАН, ШЫМКЕНТ.