• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
21 Сәуір, 2014

«Алматы-Атырау» пойызы: апат себебі әлі анықталған жоқ

503 рет
көрсетілді

АТЫРАУ. 21 сәуір. Бұдан бұрын хабарланғанындай, 19 сәуір күні кешке Атырау облысында №41 «Алматы-Атырау» бағытындағы жолаушылар пойызы апатқа ұшыраған еді. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ баспасөз қызметінің дерегінет сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Оқиға сол күні кешкілік 17 сағат 55 минөтте Қызылқоға ауданындағы Жантерек-Кенбай теміржол бекеттерінің аралығында орын алған. Состав құрамында 19 вагон, оның ішінде 16 жолаушылар вагоны болған. Осы вагондармен 586 жолаушы және 26 жолсерік Атырауға бағыт алған. Алдын ала айтқымыз келгені, 12 вагонның рельстен шығып кеткеніне, соның ішінде 8 вагонның бір жанына қисайып қалғанына қарамастан, жолаушылар арасында адам шығыны болмаса да, әр деңгейдегі жарақаттар алғандар бар. Осынау суыт хабар атыраулық құтқарушыларды аяғынан тік тұрғызды. Өйткені, алдымен бәрінен адам өмірі қымбат еді. Жолаушыларды бірінші кезекте құтқару қажет. Пойыз апаты жөніндегі суыт хабардан соң оқиға орнына құтқару қызметінің өкілдерімен бірге шұғыл жеткен облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев төмендегі жайттарды мәлім етті. Оның айтуынша, жолаушыларды құтқаруға төтенше жағдай министрлігіне қарасты құрылымдармен бірге «Қайнармұнайгаз», «Доссормұнайгаз», «Ембімұнайэнерго» және «Мақат» ЖӨБ секілді кәсіпорындар жолаушыларды Мақат ауданының орталығына шұғыл жеткізуді ұйымдастыруға атсалысты. Оқиға орнында 45 медицина қызметкері бар 6 жедел жәрдем бригадасы жұмыс жасады. Сол күні кешкілік 22 сағат 30 минөтте екі тікұшақпен Атырау қаласына жедел жеткізілген 8 адамның үшеуі ауруханаға жатқызылды.  Оқиға орнынан 435 адам автобустармен және вахталық көліктермен Мақат стансасына, ал 169 адам оқиға орнынан 6-7 шақырымдай қашықтағы Кенбай теміржол бекетінен Мақатқа дейін пойызбен жеткізілген. Ал Мақат стансасында апатқа ұшыраған пойыз жолаушыларға психологиялық тұрғыдан қолдау көрсетілді. Мақат аудандық ауруханасына жеткізілген 26 жолаушының алтауы әртүрлі жарақаттармен жатқызылды. Жексенбіге, яғни, 20 сәуірге түнгі 01 сағат 15 минөтте Мақат стансасынан 6 жолаушы вагоны бар арнайы пойыз жасақталды. Осы жолаушы пойызымен жолаушылар 03 сағат 10 минөтте Атырау қаласына жеткізілді. Жолаушыларды мекен-жайларына жеткізу үшін 10 автобус ұйымдастырылды. Медициналық және психологиялық көмек беру үшін 5 жедел жәрдем бригадасы, 4 психолог күтіп тұрды. «Алматы-Атырау» пойызында болған жолаушылар арасынан ауруханаға түскен 10 адамның екеуінің жағдайы ауыр», – деген  Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Меңдіхан Өтепқалиевтың айтуына қарағанда, қазіргі кезде облыстық ауруханада апат салдарынан зардап шеккен 6 адам  жатыр. Ауыр жарақат алғандардың бірінің жағы сынған, беті тілінген. Ал екіншісінің қабырғалары сынған. Бұларға қоса Мақат аудандық ауруханасында төрт адам  емделуде. Атырау темір жол желілік бөлімінің бас инженері Жәнібек Жөнтұрбаевтың айтуынша, апаттың салдарын жою жұмыстарына «Қазақстан темір жолы» АҚ-нан 218 адам, 22 бірлік техника, 8 электр стансасы және 2 қалпына келтіру пойызы жұмылдырылған. Жексенбіде, нақтылай айтқанда, 20 cәуірде 05 сағат 57 минөтте бүлінген 325 метр темір жол бөлігі қалпына келтіріліп, пойыздар қозғалысы қалпына келді. Айтқандай, емір жолдағы апат салдары толық жойылғанша, 9 жолаушы, 34 жүк пойызының қозғалысы шектелді. Мамандар жолаушылар пойызының апатқа ұшырауына себеп болар бірнеше нұсқа қарастырылып жатқанын айтады. Арнайы құрылған комиссия нақты не себеп болғанын бір аптадан соң жария етпек. Әзірге апаттың себебі белгісіз, алайда, мұндай апаттан сабақ алу жағы тек арнайы комиссияны ғана емес, баршаны, яғни, қарапайым жолаушыдан теміржолшыға дейін, тіпті, салалық министрліктегілерді, тіпті Үкіметті де ойлантуы тиіс. Жолдасбек Шөпеғұл.     Дереккөз: egemen.kz. Фото: Рахым Қойлыбаев.