• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Мамыр, 2010

Жоғары білім: ӘРТАРАПТАНДЫРУДЫҢ АЛТЫ ҮЛГІСІ

897 рет
көрсетілді

Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, барлық ұлттық экономиканың өсуі мен дамуы білім, ғылым жүйелерінің жаңаруымен, халыққа білім беруді инновациялық тұрғыдан дамытумен, кәсіптік білім беруде заман талабына сай мамандықтар ашу, халықты оған кеңінен тарту арқылы сапа жағын да үйлестіре отырып, жүргізілгенін байқаймыз. Өйткені, білім берудің экономикалық тиімділігі ұлттық эконо­мика жүйесінің құрылымының қарқынды дамуының негізгі көзі болып табылатыны және экономиканың барлық саласында сапалы кәсіптік кадр әлеуетін қалыптастырудағы үлесінің зор екенінен көрсетеді. Мысалы, Әлемдік банктің мәліметіне сүйенсек, адам капиталы әр мемлекеттің жалпы ұлттық байлы­ғының 64%-ын құрайды, ал АҚШ-тың ІЖӨ көлемі­нің 45%-ы білім, ғылым және жоғары ақпарат­тық техно­логияны пайдалану жүйелерінің үлесіне тиеді екен. Осы орайда халықаралық стандарттарға сәйкес үлгідегі жоғары білім беру, оның мазмұны мен сапа­сын жақсарту арқылы білікті, білімді жаңа тұр­патты мамандар даярлауды инновациялық негіз­де жүзеге асыруға басымдық беру қажеттігі туын­дап отыр. Яғни, кәсіпорындардың сұраны­сына сай мамандар даярлау мақсатында көп деңгейлі жоғары білім беру түрлерін, кәсіби білік­тілігі жағынан талаптарға сай мамандар әзірлеу үшін жаңа стандарттар мен бағдарлама­лар жасау, жаңа мамандықтар ашу әлеуметтік-эконо­микалық жүйенің қажеттілігіне байланысты оқу үдерісіне инновациялық сипаттағы жаңа пәндерді енгізу, ақпараттық технологияларды пайдалану аясын кеңейтуді жақсарту мен мамандар дайындау жүйесін әртараптандырудың маңызы зор болып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның аса ірі оқу-әдістемелік және ғылыми орталығының бірі Т.Рыс­құлов атындағы Қазақ экономикалық универси­­теті­нің ұжымында да нарықтық экономиканың тетіктері мен тәсілдерін терең меңгерген жаңа тұрпатты жоғары білімді мамандар шығару жөнінде жауапты, әрі жан-жақты игілікті істер атқарылуда. Университеттің экономика кафедрасының ұжы­мы экономикалық білім берудің үздіксіздігін қалып­тастыру мен дамытуды одан әрі жақсарту, білім берудің әлемдік озық технологиялары мен түрлерін оқу үдерісіне енгізу, кәсіптік білім беруде ел эконо­микасының әр түрлі салаларының сұранысына байланысты жаңа мамандықтар ашу, оларға арнап арнаулы оқу стандарттары мен бағдарламалар жасау, дамыған елдердің тәжірибесін және әртараптан­дырудың төмендегідей тетіктері мен үлгілерін кеңінен пайдалана отырып жұмыс жүргізуде. Бірінші үлгі – жаңа мамандықтар мен мамандан­дырулар ашу. Қазақстаннның ұлттық экономикасы­ның бәсеке қабілеттілігінің деңгейін арттыру қажетті­лігі туындап отырған жағдайда адам капиталын ұтым­ды түрде қалыптастыру, дамыту және оны пайда­лану өзекті мәселенің бірі болып отырғаны белгілі. Эконо­ми­каға әсер ету жағынан адам капи­талының басқа ресурстарға қарағанда ең маңызды және пәрменді рөл атқаратыны мәлім. Яғни, экономиканың иннова­ция­лық дамуы, өндірістің экономикалық тиімділігі­нің артуы, ғылым, техника саласындағы және елдің әлеумет­тік-экономикалық өміріндегі жетістіктерге қол жет­­кізу көбінде адам капиталына байланысты болып отыр. Қазіргі таңда адам капиталын пайдалануда еңбек­ті ұйымдастыру және нормалау саласындағы маман­дар өзінің дәрежесі және кәсіби маңыздылығы бойынша әлемдік экономика жүйесінде де, еліміздің ұлттық экономикасының аясында да аса жоғары cұранысқа ие екені белгілі. Мысалы, олар экономи­каның нақты секторындағы кәсіпорындарда, әр түрлі бизнес, коммерциялық және қаржылық құрылым­дарда да, мемлекеттік орталық және жергілікті бас­қару органдарында, ғылыми-зерттеу орталықтарында, т.б. жүйелерде үлкен сұранысқа ие болып отырғаны анықталып отыр. Сол себепті 2009 жылдың күзінде Білім және ғылым министрлігінің тапсырысымен, Т.Рысқұлов атындағы ҚазЭУ-дің эко­но­мика кафедрасында еліміздің жетекші ғалым­дары мен кәсіпорындардың мамандарын қатыстыра отырып “Еңбекті ұйымдастыру және нормалау” бағдарламасы аясында жаңа мамандық бойынша мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты әзірленді. Мамандықты бітірген азаматтарға Эконо­ми­ка және бизнес бакалавры деген академиялық дәреже беріледі. Бұл мамандық бойынша 2010 жылы оқу орнына студенттер қабылдауға жан жақты дайын­дық жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, бұл мамандық бойынша магистратура мен ғылым докторының (Ph.D) бағдарламасы бойынша стан­дарт­тарды жасау жұмыстары да жүргізілуде. Екінші үлгі – магистранттарды даярлауды әртараптандыру. Кафедра ұжымы қалыптасқан эко­номикалық мамандық бойынша кадрлар-бакалавр­ларды дайындауды да одан әрі жақсартумен қатар, магистранттарды даярлауды да әртараптандыру тұр­ғысынан жақсартуға басымдық беріп отыр. Мысалы, кафедра негізінде белгілі ғалымдар мен шаруашылық жүйесінің мамандарын қатыстыра отырып, 2008 жылы “Экономика” мамандығы бойынша қазіргі заман талабына сай магистратураның жаңа стандарты дайындалып, оқыту жүйесіне енді. Бұл стандартта магистратура деңгейінде кадрлар даярлауды иннова­циялық тұрғыдан ұйымдастырумен қатар, еліміздің әр түрлі жүйесіне аса қажетті кадрларды әртарап­тандыру тетіктерін пайдалану арқылы жүргізуге де кең мүмкіндіктер қарастырылған. Яғни, экономика мамандығының аясында нарықтық жүйеге аса қажетті деген мамандандырулар ашып, жоғары білікті кадрлар дайындау жолға қойыла бастады. Осы тұрғыдан алғанда, жоғары білімді экономис­терді даярлауда соңғы жылдары олардың нарықтық экономика тетіктерін игеріп қана қоймай, шаруашы­лық жүргізудің алуан түрлі құқықтық негіздерін білу­дің қажеттілігі туындап отырғаны белгілі. Сондықтан кафедрада бейіндік магистратура бойынша Эконо­мика және құқық мамандандыруы ашылды. Бұл бағыттағы магистерлерді даярлау кезінде стандартқа сай міндетті пәндермен қатар элективтік (таңдау) пәндер ретінде магистерлер конституциялық құқық, азаматтық құқық, қаржылық құқық, салықтық құ­қық, т.б. пәндерді тереңдетіп оқып-үйрену көзделген. Атқарылған жұмыстардың негізінде, ағымдағы оқу жылында “Экономика” мамандығы бойынша магистратураға 94 адам құжат тапсырып, оның 69-ы оқуға түсті. Бұл көрсеткіш өткен оқу жылына қараған­да 4 еседен астам өсті. Үшінші үлгі – ғылыми кадрларды даярлауды халық­аралық стан­дарттарға сәйкес жүр­гізу. Уни­вер­ситет 2006 жылдан бастап, эко­номика маман­дығы бойынша жоғары бі­лік­ті ғылы­ми-пе­да­гогикалық ма­ман­дар дайындау­дың ха­лық­аралық стан­дарт­та­ры­на сәй­кес келетін ғылым док­тор­ларын (Ph.D) дайын­дауды тәжіри­белік не­­гіз­де жүзеге асы­рып келе­ді. Ағым­­да­ғы жылы док­торан­тураны 10 адам ойда­ғыдай аяқтады. Төртінші үлгі – оқу бағдарламасын инно­вациялық тұрғы­дан жетілдіру. Бака­лавр­лар мен ма­гис­трант­­тар­ды даярлау­да, еліміздің эконо­ми­ка­сының да­муы­­­ның ба­сым бағыт­тары­на қа­жет­ті инно­ва­циялық экономи­калық жүйені оқып үйрену мақ­сатын­да, мемлекеттік стан­дарт­тарға сәйкес мін­детті пәндерді оқыту мен элективті пәндерді анықтау, олардың бала­малығын қамтамасыз етуде шетелдің озық оқу үлгісін пайдалану­мен қатар, еліміздегі білім берудің оң тәжі­рибесін ұлттық эконо­микамыздың ерекше­­ліктерін ескере оты­рып, жаңа пәндерді оқу үдерісіне енгізу мәсе­лесі бойынша да істер атқарылу­да. Мысалы, соңғы жылдары оқу үдерісіне иннова­ция­лық бизнес, кәсіпорынның экономикалық қауіпсіз­дігі, кәсіпорынның дағдарысқа қарсы сая­саты, инно­вациялық жобалардың бизнес жоспары, агробизнестің әлеуетін экономикалық бағалау, кәсіпорынның бәсе­кеге қабілеттілігі, экономика және кластерлерді ұйым­дастыру, технологиялар рыногы, ұлттық инновация­лық инфрақұрылым, т.б. пәндер енгізілді. Студенттер мен магистранттар жаңадан оқу үдерісіне енгізілген пәндерге үлкен қызығушылық танытуда. Мәселен кластерлер экономикасы мен ұйымдастыруы пәнін оқудың негізінде студенттер кластерлер жүйесіне енетін кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтуде. Бесінші үлгі – оқудың инновациялық түрлерін енгізу. Соңғы жылдары университет деңгейінде және кафедра аясында мамандар даярлаудың иннова­циялық жаңа түрлерін, тәсілдерін оқу үдерісіне енгізу қарқынды түрде дамып келеді. Мысалы, 2007 жылы университетте бірінші рет тәжірибе ретінде эконо­мика мамандығы бойынша қашықтықтан оқыту басталған болатын. Қазіргі кезде осы тәсіл бойынша университетте 4 мамандық экономика, қаржы, есеп және менеджмент) бойынша кадрлар даярлануда. Шетелдің және университеттің білікті ғалымдары мен ұстаздарын жұмылдыра  отырып ағымдағы оқу жылында ағылшын тілінде оқитын экономика ма­ман­дығының 22 студенті бірінші рет оқуын ойдағы­дай бітіргелі отыр. Қос диплам алу бағдарламасы бойынша Оңтүстік Кореяның Каннам университеті­мен жасалған келісім-шарт негізінде аталған маман­дықтың 12 студенті Қазақ елі мен Корея мем­ле­кет­терінің оқу орындарының дипломдарын алатын болады. Алтыншы үлгі – бизнес жүйесіне мамандар даяр­лауда жоғары оқу орындарының, кәсіпорындардың сұранысына байланысты мамандар даярлау. Халықара­лық тәжірибеде дамыған елдердің кадрлық әлеуетінің қалыптасуы білім беру жүйесі мен жұмыс берушілердің күш-әлеуетінің мүмкіндіктерін біріктіру есебінен қамтамасыз ететіні белгілі. Мәселен, Гер­манияда кәсіби білім берудің екі жақты әдісі кең дамы­ған. Яғни, жұмыс беруші болашақ кадрлардың білім алуын тұрақты назарда ұстап, олардың теория­лық білімдерін тәжірибе жүзінде толықтырып отыру­ға жағдай жасайды. Сондықтан еліміздің экономикалық дамуын одан әрі жақсарту үшін аса қажет болып отырған білікті мамандар даярлауда жоғары оқу орындары мен жеке кәсіпкерлік жүйесі – бұл проблемаға зор жауапкер­ші­лікпен араласуы қажет сияқты. Яғни, олардың арасында білімді мамандар даярлауда тиімді әріптес­тікті қалыптастыру мен дамытудың болашағы зор екені байқалды. Жоғарыда аталған іс-әрекеттердің нәтижесінде экономика мамандығын бітірген жастар ұлттық экономиканың нақты секторында, коммерциялық және қаржылық құрылымдарда, орталық және жергілікті мемлекеттік басқару органдарында және басқа да салаларда сұранысқа ие болып отыр. Мысалы, 2008 жылы оқу бітірген 146 түлектің 85-і (58,2%), ал 2009 жылы сәйкесінше – 311 түлектің 172-і (55,3%) өндірістік тәжірибеден өту кезіндегі жақсы нәтижелері бойынша жұмысқа орналасты. Қазақстан Республикасы Президентінің ағымдағы жылдағы Жолдауында жоғары білім сапасының халықаралық стандарттарға жауап беруге тиісті екені, бұл үшін жоғары оқу орындары әлемнің жетекші университеттерінің рейтингісіне енуге ұмтылуы міндетті екені атап көрсетілген. Сондықтан Отаны­мыздың 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында көрсетілген “Жоғары білім берудің мақсаты – қоғам­ның, мемлекеттің және жеке тұл­ғаның сапалы білім алуға деген мүдделерін қанағат­тандыру” деген қағида­сын басшылыққа ала отырып, экономикалық білім беруді инновациялық тұрғыдан даму қажеттілігін өтеу және оны әртарап­тандыру мен жедел жаңарту жолын­дағы аса маңызды іс-шараларды басымдықпен жүзеге асыру үшін игілікті жұмыстарды одан әрі жүргізу қажет. Алпысбай СЕЙДАХМЕТОВ, Т.Рысқұлов атындағы ҚазЭУ-дің эко­­­­номика кафедрасының меңгерушісі, профессор.