Бұл жолғы референдумның 1995 жылы өткен референдумнан жөні бөлек. Бұл туралы дауыс беру учаскесінде өз таңдауын жасағаннан кейін БАҚ-қа сұхбат берген Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«1995 жылы өткен референдумға қатыстым. Ал бұл жолғы референдумның жөні бөлек. Аталған саяси шара ашық әрі демократиялы түрде өтіп жатыр. Халықтың өз ойын айту мүмкіндігі бар. Сынау мүмкіндігі де бар. Референдумға азаматтарды мәжбүрлеп қатыстыру деген саясат жоқ. Қазақстандықтар таңдауды өздері жасайды», деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасының айтуынша, халық ел өміріне қатысты саяси реформаларға белсене қатысуы тиіс.
«Референдумға отбасыммен келдім. Жұбайым және қызым бар. Қызым 18-ге толып алғаш рет дауыс беріп жатыр. Сенат мүшелері референдум өтеді деген сәттен бастап жұмысқа қызу кірісті. Әріптестерім өңірлерді аралап, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді», дейді ол.
Айта кетейік, Мәулен Әшімбаев референдумға сағат 9:00-де келіп, №111 учаскеде дауыс берді.