• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Референдум 05 Маусым, 2022

Батысқазақстандықтардың басым көпшілігі өзгерісті қолдайды

370 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында Конституциялық референдумға дауыс беру үшін 505 сайлау бөлімшесі қызмет көрсетті. Өңірде барлығы 443 мыңдай сайлаушы болса,елорда уақытымен 16.00.-де барлық сайлаушының 57,70 пайызы дауыс беріп үлгерді, деп жазады Egemen.kz.

Бұл батысқазақстандықтардың басым көпшілігі ел ертеңі үшін жасалатын саяси өзгерістерге бей-жай қарамайды деген сөз. 

Орал қаласының өзінде таңнан бері 123 сайлау бөлімшесі дауыс берушілерге қызмет көрсетті. Мұның 104-і ашық жұмыс істеген бөлімшелер болса, 19-ы – жабық мекемелерге арналған орындар.

Аса жауапты науқанға барлық сайлау бөлімшелері тиянақты дайындалғаны көрінді. Көптеген сайлау учаскелерінде ең бірінші келген сайлаушыға, ең егде сайлаушыға, ең жас дауыс берушіге шағын сыйлықтар табысталған.

Мысалы, Орал қаласының Абай даңғылы бойында орналасқан №463 сайлау бөлімшесінде учаскеге елдің алды болып келген Любовь Шахоткина, 80 жастағы ең егде дауыс беруші Мәруа Нұрғалиева, 18-ге биыл ғана толған, дауыс беруге алғаш қатысқан Милана Бақтиярқызы түрлі сый-сияпатқа ие болды. Бір қызығы, шағын да болса шаттық сыйлайтын осынау сияпатты Любовь Филипқызы жыл сайын алады екен.

Жаңарған референдум үшін дауыс беруге Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Батыс Қазақстан облысындағы өкіл имамы Бақытжан Құралбайұлы елең-алаңнан отбасымен бірге барыпты. Жақында ғана Қадыр Мырза Әли ақынның есімін иеленген №47 орта мектепте орналасқан №400 сайлау бөлімшесінде Құралбайлар отбасы әрі жаңа Қазақстан үшін таңдау жасап, әрі су жаңа «Tefal» шәйнегін сыйлыққа алып қайтты. Айта кетейік, дәл осы өзгерістерге имам Бақытжан Құралбайұлының жеке үлесі де бар: қаңтардағы дүрбелеңде Оралдың орталық алаңында ширыққан топтың алдына шығып, салмақты да салиқалы сөзімен көпшілікті сабырға шақырған болатын. Өзге өңірлердегідей істің насырға шаппауына, халық наразылығы қақтығыс-қантөгіссіз аяқталуына Бақытжан имамның сол сөзінің де әсері болғаны анық.

Сайлау күні Орал қаласының халық көп жүретін көшелері мен алаңдарында концерттер қойылып, көңілді ән-думан өтіп жатты. Осының бәрі саяси науқанға мерекелік сипат беріп тұрды. Облыс орталығындағы №463 сайлау участогінде байқаушы болған Афиза Семғалиева да дауыс берушілердің белсенділігін, таңдау жасауға көтеріңкі көңіл күймен келіп жатқанын айтты.

«Бүгін еліміз үшін тарихи күн. Өзгерістерге толы кезеңге аяқ бастық. Орал қаласындағы №45 мектеп учаскесіне дауыс беруге барған кезде байқағаным – халықтың белсенділігі күшті, сондай бір шынайы, өзіндік ынтамен дауыс беріп жатыр. Асығыстық, мәжбүрлік байқалмайды. Учаскедегі тазалық, мәдениеттілік, бір сөзбен айтқанда ұйымшылдық көрініп тұр. Адам қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Қалай болғанда да, біздің әрқайсымыз қоғамның бір бөлшегіміз. Сондықтан әрқайсымыздың бүгінгі берген даусымыз маңызды. Осындай тарихи кезең біздің тағдырымызға бұйырған екен. Сол үшін де бақыттымыз. Мен бүгін үлкен өзгерістерге дауыс бердім!» дейді «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты директоры София Ізмұхамбетова.

Бұл күні Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев те ел Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдумда дауыс беруге қатысты. Ал Ахмет Байтұрсынов атындағы №10 орта мектепте орналасқан №421 сайлау участогінде алғаш дауыс берген Нұрасыл Қазыбекұлы кәмелет жасына толғанына жарты жыл болса да, бүгін өзін толыққанды азамат ретінде сезінгенін айтады. Біз кездескен сайлаушылардың бәрі де Жаңа Қазақстанның келешегі үшін өз еркімен таңдау жасауға келгенін білдіріп жатты.