Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының 17 байқаушысы Қазақстанда өтіп жатқан референдум барысында 26 референдум учаскесіне барды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бүгін таңертең біз бақылау жұмысын бастадық және 5 топқа бөлініп, 26 референдум учаскесіне бардық. Сайлаушылармен және бақылаушылармен сөйлестік. Референдумның дайындық жұмыстары өте жақсы ұйымдастырылған. Дауыс беру процесі де бір жүйеге келтірілген. Сайлаушылармен сұхбаттасу барысында олардың референдумға деген құлшынысы мен қызығушылығы бізді таң қалдырды. Тұрғындар көптеп келді деп айта аламыз. Заңнаманы бұзу бойынша ешқандай оқиға тіркелген жоқ және ешқандай шағым немесе өтініш келіп түскен жоқ», деді Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Чжан Мин Нұр-Сұлтанда өткен баспасөз мәслихатында.
Спикердің айтуынша, референдумға дейін ШЫҰ байқаушылары Қазақстанның орталық референдум комиссиясының басшыларымен кездесіп, жан-жақты пікір алмасып, дайындық және ұйымдастыру жұмысының барысымен танысқан.
«Қазір референдумда дауыс беру процесі жүріп жатыр, біздің миссия мүшелері өз міндеттерін атқаруда. Біз өз миссиямызды жауапты түрде орындаймыз және жаңа Қазақстан мен оның халқының игі болашағына қолымыздан келгенше үлес қосамыз», деді ШЫҰ бас хатшысы.