Елорда уақытымен сағат 21.00-де еліміздің барлық өңіріндегі референдум учаскелерінде дауыс беру аяқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұған дейін еліміздің 12 өңіріндегі 8 089 және 10 шет мемлекеттегі Қазақстан елшіліктері жанынан ашылған 12 референдум учаскесінде жұмыс аяқталып, комиссия мүшелері дауыс санауға кіріскен еді.
Ал дәл қазір сағат 21.00-де Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарындағы 1 858 учаскеде өңір тұрғындары дауыс беріп болды.
Сонымен қатар шет елдердегі 5 учаске де жұмысын тоқтатты. Оның барлығында комиссия мүшелері дауыс санауға кірісті.
Қазіргі уақытта шет елдердегі 48 учаскеде ғана дауыс беру жүріп жатыр.
Естеріңізге сала кетсек, сағат 20.00-дегі жағдай бойынша 7 936 655 адам дауыс берді. Бұл - дауыс беру тізіміне енгізілген азаматтардың 67,65 пайызын құрайды.