Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевты жалпыхалықтық референдумның сәтті өтуімен құттықтап, дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан Қазақстанға жылы лебізін білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровқа құттықтағаны үшін және Қырғызстан бақылаушыларының референдумға белсенді қатысқанына ризашылығын білдірді.
Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстанды құру үдерісінде бауырлас Қырғызстанмен арадағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ерекше көңіл бөлінетінін айтты.
Тараптар жақында Бішкекте өткен келіссөздердің нәтижесі қазақ-қырғыз қарым-қатынастарының жоғары деңгейін нақтылағанын және екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің көкжиегін кеңейте түскенін атап өтті. Қазіргі уақытта Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.