Ата заңға өзгерістер енгізу реформаларымыздың соңғы сатысын емес, енді басталғанын білдіреді. Мұндай пікірді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жасаған үндеуінде айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Жаңартылған Конституция негізінде биліктің барлық институты қызметінің мейлінше тиімді моделін қалыптастырамыз. Олардың арасындағы үйлесім мен тепе-теңдік механизмін нығайтамыз. Дәйекті саяси жаңғыру ұлттық экономиканы дамытуға, ұлттық кәсіпкерлікті нығайтуға ықпал етеді.
Енді біздің алдымызда ашық әрі әділетті экономика құрып, заңнамаға реформа жүргізу міндеті тұр. Қолдан жасалған монополияларды түбегейлі жойып, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою маңызды. Біз кәсіпкерлердің бастамаларына қолдау көрсетіп, жекеменшікті сақтап, бәсекелестікті күшейтуіміз керек.
Алдымызда экономиканы шынайы әртараптандыру бойынша ауқымды жұмыстар тұр. Жоғары өнімді ауыл шаруашылығы мен қуатты көлік-логистика жүйесін дамыту, барлық салада цифрлық экожүйе қалыптастыру үшін шаралар қабылдау қажет. Еліміздің орнықты дамуының негізгі қозғаушы күші еңбек, білім және азаматтық белсенділік болуға тиіс. Тек сонда ғана өзін-өзі қамтамасыз ететін орта тап пен тиімді экономика қалыптастыра аламыз. Бұндай экономика кірісті әділетті бөлуге, сапалы жұмыс орнын ашуға, тұрмыс сапасын тұрақты арттыруға және барлық азаматтардың толыққанды жетілуіне мүмкіндік береді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.