Орал қаласында Балалар жылы және Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Біз бақытты баламыз еркелеген» атты фестиваль өтті. Тұңғыш Президент алаңында өткен мерекелік іс-шараға 1 500-ден астам бала қатысты.
Фестивальде түрлі тақырыптық ойын алаңына бөлінген балдырғандар таза ауадағы белсенділікті дәріптеп, ойын арқылы мәдениеттілікке тартылып, саламатты өмір салтын насихаттады.
«Ғажап әлем» алаңында қалалық мектепке дейінгі ұйымдар кішкентай бүлдіршіндер үшін ұлттық ойындар, ата-аналармен бірлескен шаралар, балғындардың шығармашылық әлеуетін дамыту бағытындағы қойылымдар өткізді.
«Мейірім» алаңында демеушілердің тарапынан балаларға мерекелік сый жасалып, ойыншық пен тәтті үлестірілді. Ұйымдастырушылар «Қоржын» мейрамханасы, «Сделай детям добро» бірлестігі және «Достық» оқу орталығы, 125 High School, Республикалық физика-математика мектебінің Fizmat Primary мектебіне алғыс айтты.
Дарындылар алаңына шығармашылық байқауларда оза шығып, жүлделі орын иеленіп жүрген шәкірттер жиналды.
«Мен ақылды балақай» аумағында желілік қауымдастықтар бойынша мектептердің тәжірибелік алаңдары көрсетілді. Көпшілік назарына ұсынылған «Лаборатория», «Интеллект», «Оқуға құштар мектеп», «Жайдарманшылар», «Экомектеп», «Сурет әлемі», «Сөз шеберлері» жобаларының оқушылардың танымдық қабілетін арттыруда, олардың қызығушылығын ояту, кәсіптік бағдар беруде маңыздылығы жоғары екенін атап өту керек.
«Патриот» алаңында болашақ ел қорғаушы сарбаздар, көшбасшылар, болашақ чемпиондар саптық үлгілерді көрсетті. Сонымен қатар қаладағы балаларға арналған Д.Нұрпейісова атындағы музыка мектебінің ансамблі өнерін ортаға салды.
«Биле, бізбен бірге» алаңына қаладағы білім беру ұйымдарының би ұжымдарынан 600-ден астам биші қатысып, бейбітшілік пен тыныштық орнаған елдегі бақытты балалық шақ көрінісін көрсетті.
«Қайсар! Жігер! Шабыт!» алаңында қосымша білім беру ұйымдары балалар үшін ойын-сауық бағдарламасын ұйымдастырды. Мерекелік фестиваль концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Маусымның 1-і күні Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Оқушылар сарайында 2021-2022 оқу жылында халықаралық, республикалық олимпиадаларда жеңімпаз болған 60 оқушымен кездесіп, сый-құрмет көрсетті.
Батыс Қазақстан облысы