• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Елорда 06 Маусым, 2022

Мереке көркі – көліктер шеруі

450 рет
көрсетілді

Тәуелсіздігіміздің тұмары саналатын рәміздердің қашанда қадірі биік, абыройы асқақ болуға тиіс. Жыл сайын маусымның алғашқы аптасында аталып өтілетін айшықты мереке биыл да өз жалғасын тауып, еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі іс-шара өткізілді. Осыған орай Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Астана жастары» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің ұйымдастыруымен автокөліктер шеруі өтті.

Мем­лекеттік рәміздер тәуел­сіз­дік нышаны ретінде ерекше қадірленіп, оларға биік мәртебе беріледі. Сондықтан республика азаматтарының мемлекеттік рәміздерді қастерлеуі – парыз. 

«Биылғы көліктер шеруі Тұ­ран даңғылы, «Қазақстандық күн» монументінен бастау алып, Тәуелсіздік даңғылы, «Қазақ елі» монументінің алаңына де­йін жалғасты. Көліктер шеруі қала­мыз­да 2017 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Аталған іс-шара қаламыздың тұр­ғындары мен қонақтарын атаулы мерекемен ерекше құттықтауға мүмкіндік береді», деді «Астана жастары» жастар ресурстық ор­та­лығының жетекшісі Шыңғыс Тілеулин.

Ұйымдастырушылардың пікі­рін­ше, іс-шараның басты мақсаты – қазақстандық патрио­тизмді насихаттау, жас ұрпақты тәуелсіздік нышандарына құрметпен қарауға тәрбиелеу.

«Мемлекеттік байрақпен жабдықталған 30-ға жуық же­ңіл көлік қала көшелерімен жүріп өтті. Рәміздер күні – хал­қы­мыз үшін аса қастерлі мей­рам­дардың бірі. Осыған орай дәстүрлі авто­кө­ліктер шеруін ұйым­дас­ты­рудың мәні зор. Көліктер көк байрақпен безендіріліп, шеру адамдар тығыз орналасқан қала­ның оң жағалауын қамтыды. Қала тұрғындары мен жастардың патриоттық сезімін күшейтіп, мере­келік көңіл күй сыйлау – біз­дің басты мақсатымыз. Өткен жылы елорданың сол жа­ға­­­лауына автошеру жасасақ, биыл оң жағалауды таңдап отыр­­­мыз. Тағы бір мақсатымыз – қа­­­ла­мыз­да Астана автоклубтар одағы бар екенін көрсету. Атал­­­ған клубтар елордамызда өтетін әр­түр­лі мерекеге белсенді қа­ты­сып, өздерінің қолұшын созады. Барлық қатысушыға алғысымызды білдіріп, сәттілік тілейміз», деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының маманы Амангелді Олжас.

Автоклуб мүшелері де рәміз­дер күнінің маңызы жоғары еке­нін айтып, жыл сайын ұйым­дас­тырылып келе жатқан көліктер шеруі ауқымды іс-шаралардың бірі екенін жеткізді.

«Нұр-Сұлтан қаласының Жас­тар саясаты мәселелері басқар­ма­сы жыл сайын дәстүрлі түрде рәміздер күніне орай өткізетін көліктер шеруіне Астана автоклубтар одағы тұрақты түрде қа­ты­сып келеді. Көліктерімізде көк Туымыз желбіреп тұрса, ол қала тұр­ғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлап қана қоймай, олардың патриоттық се­зі­мін оятып, еліміздің негізгі нышандары саналатын рәміздеріне деген құрметін арттыратыны анық. Бүгінде аталған шеру өз жалғасын тапты. Біздің көліктер Тұран даң­ғы­лынан бастап, қаланың оң жа­ға­лауына қарай 20 шақырымнан аса жол жүреді. Көлігіміздегі көк байрақтар көрікті қаламыздың сәнін одан сайын арттыра түседі», деді Skoda club Astanа өкілі.

Көк Туымызды желбіретіп көше бойлай жүрген көліктер көр­ген жанның көңіліне мақ­таныш сезімін ұялататыны сөзсіз.

«Еліміздің Елтаңбасы, көк Туы, Әнұраны осыдан тура 30 жыл бұрын бекітіліп, қабылданған болатын. Бүгінде, міне, тәуелсіз Қазақстанның ұрпағы байрақты биік ұстап, Әнұранды асқақтата шырқап, айтулы мерекені атап өтуде. Біз де елордамыздағы елеулі іс-шараның куәгері болғанымызға қуаныштымыз. Көліктердегі жел­бі­реген көк байрақтар көздің жауын алады. Бойымызды ерекше сезім билеп, болашаққа деген сенімімізді арттырғандай ай­рықша қуат береді. Өзімнің, отба­сымның асыға күтетін ме­рейлі мерекелерінің бірі – осы рә­міздер күні. Жыл өткен са­йын мемлекеттік нақыштарға деген құрметіміз арта түскендей. Оған себеп, осындай патриоттық ба­ғыт­тағы іс-шаралардың арта түс­кені дер едім. Келер жылы да ке­ремет көліктер шеруінің куә­ге­рі болатынымыз анық», деді қала қонағы, атыраулық Раушан Өтеғали.