• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 07 Маусым, 2022

Экономика қайтадан еңсе тіктей ме?

367 рет
көрсетілді

Жақында ғана Еуразиялық даму банкі 2022-2024 жыл­дарға арнаған макроэко­номикалық болжамын жариялады. Банк сарап­шыларының айтуынша, тап қазір жаһан экономикасы турбулентті кезеңге тап болып тұр. Сол себепті пан­де­миядан кейінгі ор­нық­­ты экономикалық өсімнен үміттенудің реті жоқ. Энергия тасымалдаушы­лар, азық-түлік және тыңайт­қыштардың бағасы тарихи максимумдарды жаңартып, инфляциялық проблеманы одан әрі ушықтырды.

Инфляцияның әлемдік сипат алып кетуіне байланысты көптеген елдің орталық банктері ақша-несие саясатын қатаңдатуға мәжбүр болды. Өндірістік және логистикалық тізбектер тағы да тұйыққа тірелді, экспорттық белсенділік төмендеді. Бұл өз кезегінде тұтынушылық және инвестициялық қарқынның да бәсеңдеуіне себеп болып жатыр.

Банк сарапшылары биыл базалық сценарий бойынша Ресей­дің ішкі жалпы өнімі 7 па­йызға, Беларусьтың ішкі жалпы өнімі 6,5 пайызға қыс­қарады деп болжам жасап отыр. Сәйкесінше, осы екі елмен тығыз сауда байланысын орнатқан өзге де қатысушы елдер экономикасының өсімі де баяулайды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнім Арменияда – 1 па­йыз­ға, Қазақстанда – 2,5 па­йызға, Қырғызстанда – 1,1 па­йызға, Тәжікстанда 4,2 пайызға өспек.

– 2023 жылы Еуразиялық даму банкінің қатысушы-мемлекеттерінде өсім қар­қыны жеделдейді деп күтіледі. Базалық болжамға сай, 2023 жылы Қазақстан экономикасы 4,8 пайызға ұлғаяды. Халықтың әл-ауқатын арттыруға және бизнесті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы, тұтынушылық және инвестициялық белсен­ділік­тің артуы өсімге себеп болмақ. Қырғызстан мен Ар­мения ішкі жалпы өнімінің өсімі 1,6 және 3,5 пайыз болады. Оған экспорттаушылар мен еңбек мигранттарын жаңа нарықтарға қайта бағдарлау процестері қолдау көрсетеді, – дейді Еуразиялық даму банкі басқарма төрағасының орынбасары Руслан Дәленов.

Шикізат бағасының өсуі, деваль­­вациялық және инфляция­лық қысымдардың үдеуі, ұлт­тық валютаның жоғары деңгей­де құбылуы, жеткізу тізбектерінің бұзылуы – жыл соңына қарай тұтынушылық бағаларды өсіруге себеп болатын негізгі факторлар.

Еуразиялық даму банкінің сарап­­шылары 2022 жылы моне­тар­лық жағдайдың сипаты инфля­­циямен күресу және эко­номи­ка­лық белсенділікті қол­дау ара­сын­дағы басым­дық­тар­дың теңгері­мін ескере отырып ай­қында­лады деп есеп­тейді. База­лық мөл­шер­леме Ресей­де 9 па­йызға (11 па­йыздан), Қазақ­стан­да 12 пайызға (14 па­йыздан) дейін түсуі мүмкін.

Еуразиялық даму банкінің бас экономисі Евгений Вино­­куровтың айтуынша, дамы­ған елдердегі инфляция көр­сет­кішінің 10 пайыздан асып кетуі біз үшін де басты тәуекелге айналып отыр. Көмірсутек және азық-түлікке қатысты тәуекелдердің туындауы инфляцияның одан әрі асқынуына және 2023 жылдың басындағы жаһандық рецессияға жол ашып беруі ықтимал.

– Мұндай қолайсыз жағдайда болуы мүмкін экономикалық құлдырау сценарийі соншалықты үлкен емес. Алайда одан құтылу ұзаққа созылады әрі қиын болады, – дейді Е.Винокуров.

Сарапшының Еуразиялық даму банкінің қатысушы-ел­дерін­де инфляция үдеуі мүмкін деген болжамы қазірдің өзінде орындалып жатыр. 2022 жылдың мамыр айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы инфляция 14 пайызға жетті. Сәуірде бағаның жылдық өсімі 13,2 пайыз межесінде тұрақтап еді. Мамырда азық-түлік тауарлары – 19 пайызға, азық-түлік емес тауарлар – 11,9 пайызға, ақылы қызметтер 9,1 пайызға қымбаттаған. Әсіресе, қант (+60,5 пайыз), көкөніс (+31,5 пайыз), ұн (+29,9 пайыз), құс еті (+28,5 пайыз), жарма (+27,1 пайыз), картоп (+26,2 пайыз), макарон өнімдері (+25,9 па­йыз), жеміс-жидек (+24,6 па­йыз), қатты сыр (+23,8 пайыз), нан және ұн өнімдері (+21,5 пайыз) және кептірілген жемістер (+21,1 пайыз) қатты қымбаттаған.

Ұсынылған болжам аясында банк сарапшылары Ұлттық банктің ақша-несие саясаты про­ин­фля­циялық тәуекелді төмен­детуге бағытталады деп санайды.

«Наурыз айында теңгенің құнсыздануы және инфляцияның күшеюі қаржылық тұрақтылық мәселесін алға шығарды. Осыған орай ақша-несие саясатын рет­теу­ші орган инфляцияны төмен­детуді басты басымдыққа айнал­дырады. Еуразиялық даму банкі­нің бағалауынша 2022 жылы қатаң монетарлық шарттар сақта­лады. Базалық мөлшерлеме 12-14 па­йыз аралығында болмақ. Инф­ля­циялық күтулердің төмен­деуі шегінде инфляция 2023 жыл соңына қарай 9-10 пайыз­ға де­йін төмендеуі мүмкін. Тең­ге жыл­дың екінші жартысын­да тұ­рақ­талуы ықтимал. Кас­пий құ­быр консорциумы терми­нал­дарының біріндегі апаттың түзе­тілуі, сондай-ақ әлемдік мұ­най нарығындағы қолайлы баға конъюнктурасында 2022 жыл­дың III-IV тоқсанында экс­порт­­тық кірістің өсуін күтеміз. Фе­де­­ралды резервтік жүйе мөл­шер­­ле­месін мәжбүрлі түрде көтеру жағ­дайында дамушы елдер­ден, оның ішінде Қазақ­стан­нан да капитал ағынының кетуі кү­шейеді. Бұл жағдайда теңге баға­мы болжамды горизонтта көбі­рек төмендеуі мүмкін», дейді сарапшылар.