• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 07 Маусым, 2022

Несиелеу қай деңгейде?

786 рет
көрсетілді

2022 жылғы сәуірдің соңында банктердің экономиканы несиелеу көлемі 19,3 трлн теңгеге жеткен. Заңды тұлғаларға берілген несие көлемі соңғы айда 0,5 пайызға төмендеп, 8 016,1 млрд теңге болса, жеке тұлғаларға берілген кредит 1,9 па­йызға артып, 11 383,4 млрд теңгені құрады.

Ұлттық банктің хабар­лауынша, төл валютамен берілген несие көлемі сәуір­де 1,6 пайызға өсіп, 17 637,6 млрд теңгені құраған. Оның құ­рылымындағы заң­ды тұл­ғалар несиесі – 1 па­йызға, жеке тұлғалар несиесі 2 пайызға артқан. Шетелдік валютамен берілген займдар 5,6 пайызға азайып, 1 762,0 млрд теңге болған. Оның құрылымындағы заңды тұлғалар несиесі – 5,6 пайызға, жеке тұлғалар несиесі 11,9 пайызға төмендепті.

«Бір айда ұзақ мерзімді несиелер көлемі 0,5 пайызға ұлғайып, 16 трлн теңге болды. Қысқа мерзімді кредиттер 3 пайызға көбейді – 3,3 трлн теңге. 2022 жылдың сәуі­рінде шағын кәсіп­кер­лік субъектілерін несиелеу 10,9 пайызға, 4 трлн теңге­ге дейін төмендеген. Бұл – кор­поративті секторға берілген несиенің 50,4 пайызы. Банктік емес заңды тұлғаларға тең­гемен берілген кредиттер бо­йынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 15,2 пайыз­ды, жеке тұлғаларға 17,3 па­йызды құрады», делін­ген Ұлттық банк хабарламасында.

Осыған дейін Сенат төр­ағасы Мәулен Әшімбаев базалық мөлшерлеменің жоғары болуы экономиканы несиелеуге кедергі келтіреді деп мәлімдеген еді.

«Қазақстанда экономиканы несиелеу деңгейі ішкі жалпы өнімнің 25 пайызын құрап отыр. Көптеген дамушы елде бұл көрсеткіш 60-70 пайыз деңгейінде. Сингапур, Корея сияқты елдерде тіпті 150 пайызға жеткен. Біз соңғы жылдары экономиканы несиелеуге қысым жасап жібердік. Бұған базалық мөлшерлеменің 14 пайыз болуы да әсер етеді. Бұл бүгінде Үкі­меттің инфляцияны тежеу­дің негізгі тетігі екенін түсіне­міз. Әрі қарай не болады? Егер сыртқы тәуекелдер сақталар болса біз жоғары мөлшерлемемен экономикамызды дамыта алмаймыз», деген еді М.Әшімбаев.

Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, экономиканы несиелеу тек мөлшерлемеге байланып тұрған жоқ.

– Біздің позиция – несие­лер­ді мемлекеттік ақша есебі­нен субсидиялауды тоқтату. Жеке секторды қолдап, ком­мер­циялық арнаға түсіру қа­жет. Тіпті мөлшерлеме төмен­деген күннің өзінде банк­тер ком­мерциялық жоба­лар­ды ақша құнынан тө­мен несиелемейді. Бізге құ­рылымдық реформа керек. Біздің экономика импортқа тәуелді, соның ішінде азық-түлік тұрғысынан. Қазір сырт­қы және маусымдық шокқа тап болып отырмыз. Ұлттық банк соңғы бірнеше жыл бойы экономиканы қолдау бағдарламаларына белсенді қатысты, енді одан жоспарлы түрде кете бастайды, – деді Ғ.Пірматов.