• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Маусым, 2022

Айтулы ақынды ардақтады

430 рет
көрсетілді

Есімі алты Алашқа бел­гілі ақын, қазақ әдебиеті­нің жаңа замандағы ірге­та­сын қалаушылардың бірі Ғалым Малдыбаевтың туғанына осы күндері 120 жыл толып отыр. Осы­ған орай Петропавл қаласындағы орталық көшеде ақын қызмет істеген «Солтүстік Қа­зақ­стан» газетінің бұ­рынғы ғимаратының қа­быр­­ғасына ескерткіш тақ­та орнатылды.

Бұл ғимарат кезінде облыстық партия комитеті орналасқан тарихи орын еді. Оның қабырғасына Жұмабек Тәшеновке және тағы басқа белгілі адамдарға арналған ескерткіш тақталар ілінген. Ғалекеңе арналған тақта сол қатарда Ж.Тәшеновтен кейінгі орынға қойылды.

Ескерткіш тақтаны қою салтанатында облыс әкімі­нің орынбасары Ғани Нығметов облыс әкімі Құмар Ақсақа­ловтың құттықтауын оқыды. Референдумның алдында жұртшылықпен кездесуге келген Президент Қ.Тоқаевтың кеңесшісі Мәлік Отарбаев та өзінің құттықтау сөздерін айтты. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің профессоры, белгілі ғалым Серік Негимов те Ғалым Малдыбаевтың алғашқы зерттеушісі ретінде өзінің жылы лебізін жеткізді. Сонымен қатар ел газеті «Егеменнің» бас редакторы Ғабит Мүсіреп те өзінің өзекжарды сөздерін айтумен қатар газеттің басшысы Дархан Қыдырәлінің құттықтауын оқып берді. Облыс ақсақалдарының атынан сөйлеген Қ.Қалиев және ақынның туған жері – Шал ақын ауданынан арнайы келген делегация өкілдері жерлестеріне жасалған құрметке ризашылықтарын білдірді.

Ғалым Малдыбаев халқымыздың тарихындағы кеңестік кезеңнің басында белсенді қызмет атқарған жан. Оның қаламынан «Қырым қызы» сияқты эпикалық поэма да дүниеге келген. Сонымен бірге замана күйіне үн қосқан «Батыр туралы жыр», «Ақ келін», «Қорқыт батыр» сияқ­ты жырлары да оқырман олжасына айналды. Ол ұйым­дастырушылық қабілеті жоғары қайраткер де болған. Ақмола­да шыққан «Жаңа Арқа», Оралда тұсауы кесілген «Қызыл ту», Павлодарда жарық көрген «Колхоз», Балқашта шыққан «Балқаш жұмысшысы», Баянда ашылған «Ленин жолы» газеттерін алғаш ұйымдастырған Ғалекең. Әрбір газет аяғынан тұрғаннан кейін өкімет оны жаңа басылым ашуға жұмсап отырған. «Социалистік Қазақстанның» оңтүстік өңірлердегі тілшісі қызметін де атқарған. 1937-1938 жылдардағы қанды қасапта Сібір ормандарын сағалап, денсаулығынан айырылған. Содан кейін тек туған жерінде ғана қызмет етуге мәжбүр болады. Алдымен облыс орталығында, артынан ауасы таза ауылда тұруға тура келеді. Бірақ Ғалекең мұнда да қызмет етіп, мектепте мұғалім болды, өңірдің қоғамдық өміріне белсене атсалысты. Облыс ақындарының басын жинап, дүркін-дүркін айтыс ұйымдастырып тұрды. «Облыстың халық ақыны» атағын алған Игібай Әлібаев, Ахметжан Нұртазин, Темірғали Қасенов, Уахит Темірбеков және басқалары Ғ.Малдыбаевтың ақыл-кеңестерін алып, ақындық дарындарын ұштап отырған. Сонымен қатар Ғалекең болашаққа жол сілтеп, түзу бағыт берген шәкірттері қатарында атақты ақын-жазушылар Дихан Әбілев, Сейітжан Омаров, Ғабдол Сланов және т.б. бар.

Осы күні С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап кітапханада Ғ.Малдыбаевтың қайта басылған «Қырым қызы» кітабының тұсаукесері болды. Ақынның артында қалған он бір перзентінің бәрі де өмірде өз орнын тапқан, салиқалы жандар. Соның бірі әке жолын қуған кенжесі Сәбит Малдыбаев қазір «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы болып отыр. Ұлдың үлкені Шашубай Малдыбаев әуесқой композитор, облыстағы мәдени іс-шаралардың бәріне кезінде ұйытқы болып жүретін ұйымдастырушылық қабілеті зор адам. Қызы Әлия Малдыбаева «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі», өмір бойы қазақ тілі мен әдебиетінің шәкірттерін оқытқан танымал ұстаз. Ал әнші қызы Ғалия да өнер саласында, тағы бір қызы Алма мұғалім. Ақбаян мен Шәкірбай марқұм медицина саласының майталман мамандары болды. Ұлы Алтай ұзақ жылдар бойы облыстағы байланыс саласының бастығы болып зейнетке шықты. «Орнында бар оңалар» демекші әкесінің есімін жаңғыртып, ұмытылмауына атсалысып жүрген осы ұрпақтары.

 

Солтүстік Қазақстан облысы