Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев биылғы егін шығымына қатысты болжамымен бөлісті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министрдің айтуынша, биыл ауа райы диқандар үшін былтырғыдан қолайлы болып тұр.
«Биыл көктемгі егіс жұмыстарын оңтайлы мерзімде аяқтадық. Топыраққа жиналған ылғалды сақтау жұмыстардың бәрі уақытылы, толықтай атқарылды. «Қазгидромет» маусым айына қолайлы болжам беріп отыр. Осы факторлардың бәрін ескере отырып, биыл астық түсімі көпжылдық орташа деңгейде болады деп отырмыз», деді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, биыл егіс шығымы былтырғыдан 15% жоғары болуы мүмкін.
«Соның ішінде бидайдың түсімі Ауыл шаруашылығы министрлігінің болжауы бойынша 13-13,5 млн тонна болады деп жоспарлап отырмыз. Маусым айында күтіп отырған жаңбыр уақытылы түссе, егіс шығымы былтырғыдан 15 пайыз жоғары болады», деді Е.Қарашөкеев.