• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 07 Маусым, 2022

Елімізде астық қоры жеткілікті - Әлихан Смайылов

229 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың айтуынша, қамбада егіс алқаптарынан жаңа өнімді жинап алғанша жететін астық қоры бар, деп хабарлайды Egemen.kz.

 

«Ауа-райының қолайлы мерзімін ұтымды пайдаланып, егіс жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізу – қамбадағы мол астықпен бірге, елдің азық-түлік қауіпсіздігінің де кепілі. Үкімет науқандық жұмыстарды қаржылай, материалдық және техникалық тұрғыда қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шешімдерді қабылдады. Өздеріңіз білетіндей, бұрын қалыптасқан тасымал бағыттарының бұзылуы және әлемдік азық-түлік нарығында бағаның өсуі тұқым мен агрохимия өнімдерінің, қосалқы бөлшектер мен ауыл шаруашылығы жабдықтарының құнын қымбаттатып жіберді», деген Үкімет басшысы осындай күрделі кезеңде фермерлерді қолдау үшін бюджеттік кредиттің жалпы сомасы 140 млрд теңгеге көтерілгенін еске салды.

«Бұған қоса, ауыл шаруашылығы өнімін форвардтық сатып алу арқылы қаржыландыруды екі есе, яғни, 80 млрд теңгеге дейін ұлғайттық. Жалпы агроөнеркәсіп саласына бюджетті нақтылау кезінде қосымша 298 млрд теңге қаржы бөлінді. Дизель отынының қажетті көлемі нарықтық бағадан 10-15%-ке төмен бағамен жеткізілді. Отандық өндірушілермен келісімге келіп, минералдық тыңайтқыштардың бағасы төмендетілді.

Айта кету керек, биыл агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау жүйесі өзгерген жоқ. Осылайша биылғы жылы фермерлерге мемлекеттік қолдау күшейтіліп, көрсетіліп келеді. Өткен жылы құрғақшылық болғанына қарамастан, бидайға деген ішкі қажеттілікті толығымен қамтамасыз еттік», деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.

Оның мәліметі бойынша, биыл жаңа өнімді жинап алғанша, елімізде жеткілікті астық қоры бар.

«Біріккен Ұлттар Ұйымының наурыздағы бюллетеніне сәйкес Қазақстанда биыл астықтың түсімі орташа жылдық көрсеткіштен жоғары болуы керек. Орта есеппен 18-19 млн тонна астық жиналса, ішкі қажеттілік шамамен 8 млн тоннаны құрайды. Тіпті қолайсыз ауа-райы мен жиналатын өнімнің болжамы нашар болған күннің өзінде Қазақстан өзінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады», деді Премьер-Министр.