Пәтер ұрлығын жасады деген күдікпен елорда аумағында жеке тасымалдаумен айналысқан 41 жастағы Тәжікстан азаматы ұсталды, деп хабарлады Egemen.kz қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Ақпаратқа сүйенсек, полицияға жүгінген қала тұрғыны бір күн бұрын қонақта болған. Масаң күйде сағат 23.00-де үйіне жету үшін такси шақырған.
«Көрсетілген мекенжайға жеткенде такси жүргізушісі клиенттен су ішуді өтінген. Жүргізушімен үйге бірге кірген мас жолаушы пәтерде ұйықтап қалған. Ер адамның жағдайын көріп, жүргізуші ұрлық жасауға шешім қабылдап, пәтерді тінти бастаған. Такси жүргізушісі ұялы телефонды, «Самсунг» маркалы планшетті, 100 мың теңге көлемінде ақшалай қаражатты қолды қылған. Сонымен қата, үй иесінің аяқ киімдері мен флип-флоптарын да өзімен бірге алып кеткен», делінген хабарламада.
Күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған азамат өз кінәсін мойындап, заттай айғақ тәркіленіп, иесіне қайтарылды.
Қазір оның бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.