• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 09 Маусым, 2022

Жанынан безген жауынгер: Әскердегі суицидтердің саясында не тұр?

1328 рет
көрсетілді

Отан алдындағы борышын өтеп жатқан сарбаздардың өзіне қол жұмсауы, жоғалып кетуі кейінгі жылдары елімізде тым жиілеп кетті. Себебі неде, сыры қандай? Нақты жауап жоқ. Құзырлы органдар жағдайға ден қойып кірісе ме, жоқ па, әйтеуір ресми жауап берумен шектеліп жүр. 

Десе де, осыдан бірнеше күн бұрын Маңғыстау облысында орын алған қайғылы оқиғадан соң сең қозғала ма деген үміт те жоқ емес.

Өйткені, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскердегі өлім себептерін тергеу жөніндегі арнайы комиссия құруды және болашақта мұндай жағдайдың алдын алуды тапсырды. 

Ал, Қорғаныс министрлігі өкілдері «әскердегі өлімге жол бермеу» бойынша бағдарлама әзірлеуге кірісті. 

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов соңғы кездері жиілеп кеткен сарбаздардың өліміне себеп әскери сала ғана емес, жеке басындағы қиындықтар да болуы мүмкіндігін айтты. Осындай жауаппен жауапкершіліктен жалтарғысы келе ме, әлде шындығы сол ма, әйтеуір бұл саланы түбегейлі зерттеу керектігіне тоқталып өтті. Маңғыстаудағы қайғылы оқиға алғаш рет орын алған жағдай емес. Демек, осыған дейін әскери салаға салғырт қарағаны ма?

Министр қандай мәлімдеме жасаса да, көпшіліктің сұрағы біреу: Неге әскерге кеткен жас сарбаздардың  отбасына оралмай, о дүниеге аттануы жиілеп кетті?

Өткенге көз жіберіп қарасақ 2020 жылдың желтоқсанында ІІМ академиясында курсант Саламат Өтегенов өз-өзіне қол жұмсаған. «Егер қазір маған ақша аудармасаңдар, онда мен қолсыз қалуым мүмкін. Немесе аяғымнан айырыламын», деп жақындарына соңғы хатын жазыпты. Жігіттің жақындары академияда әлімжеттік жасалатынына, перзентінің өліміне қатысты күмәнді жайттар барын айтып шырылдаған. Тыңдар құлақ болды ма?

2021 жылдың 21 мамырында Жамбыл облысы Қордай ауданындағы әскери бөлімде мерзімді әскери борышын атқарып жүрген жас жігіт казарманың төртінші қабатынан секіріп, мерт болған. Оқиғаның не себепті бұлай өрбігенін түсіндіретін жан болмады.  Қыршыннан қиылған жастың не үшін өмірге өкпелегені белгісіз. Құзырлы органдар жалғыз ресми мәлімдемемен шектеліп еді.

2021 жылғы маусым. Оралда сарбаз өзіне оқ атқан. Әскерге Ақтөбе облысынан шақырылған ол осылайша өмірмен қош айтысқан. Сарбаз сол түні күзету мекемесінде қарауылда тұрыпты. Оған тез арада жедел жәрдем шақырып, облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізгенмен, ауыр жағдайда болған әскери қызметші көп ұзамай көз жұмған. Істің соңы не болғаны тағы белгісіз.

Дәл осындай жағдай 2021 жылдың 29 мамырда қатардағы жауынгер Айдосов Ілияс Мұратұлының басында болған. Өзіне бекітілген қарумен өз-өзін өлтірген. Әскерге өз еркімен келген борышын өтеушінің қас-қағым сәтте жанын қиып кете салғанында бір шикілік жоқ па?

2021 жылдың 22 қазанында қаралы жағдай Қарағанды облысында қайталанды. Теміртау қаласындағы N5516 әскери бөлімде «өзіне-өзі оқ атып» көз жұмды делінген әскери қызметші Сержан Оңғаровтың денесі туған жері Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы Мақтажан ауылына жеткізілді. Марқұмның туыстары оқ жауынгердің тамағының астынан атылғанын айтады. 

Сарбаздар қасіреті өткен жылмен тыйылған жоқ. Осы, 2022 жылғы 4 наурызда Жамбыл облысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің «Андас батыр» бөлімінде әскери борышын өтеп жатқан сарбаз жоғалып кеткен. Аяқ астынан із-түзсіз кеткен Ұлықбек Бердішев бірнеше күннен соң өлі табылды. Сарбазды не үшін тау асып кеткенін, әскери борышын өтеп жүрген орнынан неге ізім-ғайым жоғалғаны да жұмбақ күйінде қалды.

2022 жылдың 22 сәуірінде Жамбыл облысында борышын өтеп жүрген Гвардейск әскери қалашығындағы госпитальде қатардағы жауынгер Қалбай Әлібек Саламатұлы қайтыс болды. Таңертең сапта тұрған жауынгер кенеттен есінен танып қалған. Әскери қызметшіге қажетті медициналық көмек көрсетілгенмен, ол есін жимаған күйі қайтыс болды. Жас жігіт биыл көктемде Маңғыстау облысынан мерзімді әскери қызметке шақырылыпты. Әскери-медициналық тексерістен түгел өтіп барып әскерге аттанған сарбаздың менингитпен ауруына не себеп болды екен?

2022 жылдың 24 сәуірінде сап-сау әскерге кеткен қызылордалық жігіт Шымкенттегі 35 748 әскери бөліміне борышын өтеуге келіп, төрт күннен соң психикалық орталыққа жатқызылған. Анасы балаға әлімжеттік жасалды деп санайды. Ал бөлім басшылары оны «әскери борышын өтеуден жалтарып, суицид жасамақ болды» деп, айыпты етіп отыр. Айналасы 4 күнде психикасына зақым келердей не күн туды?

Ал күні кеше ғана Маңғыстау облысына әскерге кетіп, 4 маусымда әскери бөлімде өлі табылған мерзімді қызметтегі сарбаз Еділ Тешебаевтың қайғылы қадамы елді тағы алаңдатты. Ресми нұсқада, сарбаз өзіне қол салған. Алайда туыстары бұған сенбей отыр. Мәйітті көрген олар денесінде жарақаттар бар екенін айтады. Еділ өлімі алдында бірнеше рет туыстарынан ақша сұрап, проблемаға ұрынғанын да айтқан екен.

Әскер - елдің тыныштығын күзетуші. Отан алдындағы борышын өтеуші. Ендеше елі үшін әр сарбаздың амандығы қымбат. Бір сарбаздың қазасы - түгел елдің азасы. Толассыз болып жатқан жұмбақ өлімдердің ақ-қарасы анықталып, тиісті адамдар жауап бермейінше бұл мәселеге нүкте қою мүмкін емес секілді...