Көкшетау қаласында облыстық жастар-ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде елуден астам жас жұмысқа орналасты.
Жастар арасындағы жұмыссыздық қоғамдағы қаны шығып тұрған мәселенің бірі. Жұмыс тәжірибесі аз немесе мүлде болмағандықтан талабы жоғары, талғамы күшті еңбек нарығында өз орнын тауып, болашағын бағамдау да оңай шаруа емес. Жұмыссыздықтың пайда болу себептерін сәл ғана талдап көрелікші. Ең алдымен, жоғары оқу орындары мен кәсіптік білім беру саласы нарықтың қатал заңына толық жауап беретін кәсіби мамандар даярлау жұмысын ширату керек. Кәсіптік білім саласында қажетті инфрақұрылымның жұтаңдығы да жанға батады. Міне, осыдан барып жастар арасындағы жұмыссыздық өсуде. Ауылдан келген жастар кәсіби білімі болмағандықтан, қара жұмысқа ғана жарайды. Шаруаға ширап, шынықпаған жастар атан түйеге жүк болатын ауыр жұмысқа шыдай алмай, беттері қайтып жататын жай да аз емес. Осының барлығы тұтастай алғанда түйткілді мәселенің түйінін жуандата түсуде. Демек алдымен, кәсіби білім беру деңгейін көтеруіміз керек. Еңбекке тәрбиелеу, жұмыс істетіп дағдыландыру жайы да көкейде жүргені ләзім.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырудағы басты мақсат – жастарды тұрақты және уақытша жұмыспен қамтамасыз ету. Қамтамасыз етілсе, олардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселесі де біртіндеп шешіліп қалмақ. Біздің көзқарасымызда жастардың өздері де белсенді болуы керек сияқты. Осындай жәрмеңкелердің өтетіндігі туралы күні бұрын құлақтандырылғанымен, ынталы жастардың қатары сирек. Мәселен, бұл жолғы жәрмеңкеде отыздан астам жұмыс беруші 200-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Елуге жуық адам ауызша сынақтан сәтті өтіп, жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды.
Бір күнде біржола шешіле қалатын мәселе емес. Жастардың өздері де жұмыс істеймін деп ұмтылу қажет. Ол үшін белгілі бір кәсіпті түбегейлі игеріп әрі сол мамандықтың майталманы болса ғана жұлдызы жанбақ.
КӨКШЕТАУ