Түркияда туып-өскен қандасымыз Мұрат Өнәл биылғы маусымнан бастап Шымкенттің "Қыран" командасында ойнап жүр. Ол бұған дейін Голландияның бірінші лигадағы "Волендам" командасында ойнаған. Ол - сырттан келген тұңғыш қазақ легинер. Жасы 24-те. 6 жасынан бастап футбол ойнайды.
Біз оны "Шымкент" қонақүйіне арнайы іздеп бардық. Ертеңіне ойын екеніне қарамастан, Мұрат бізбен әңгімелесуге келісім берді.
Ол Түркияда өскендіктен түрікше таза біледі екен, қазақша енді үйреніп жүр. Қазақстан қатты әсер еткені әр сөзінен білінеді. "Голландияда қазақ көріп қалсам, 2-3 күн жібермей, қыдыртып, қонақ қылатын едім, мында қазақ көп" ,- дейді күліп.
Бұйыртса, осында әке-шешесін алып келіп, Қазақстанды көрсетсететінін, егер олар келіссе осында көшіріп алып келетінін де айтып өтті сөз арасында.
Жүрегі қазақ деп соғып тұр. "Қазақтардың дархан көңілін әр қазақтан байқаймын, ендігі мәселе - құжат алу. Қазақстан азаматы болсам" ,- деген арманын айта отырып, жақында осы мәселемен қала әкіміне кіретінін айтты.
Данияр Алан