ШЫМКЕНТ. 22 сәуір. Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи саябағы аумағында қар барысы пайда болды. Олардың саны едәуір өсе түскен. Бұл туралы «24kz» хабарлады.
Кейінгі 50 жылдың ішінде тұқымы құрып бітуге жақын деп саналып жүрген қар барысының қазақ жерінде бой көрсетуі, әрине, жағымды жаңалық әрі үлкен қуаныш. «Сайрам-Өгем» ұлттық саябағының қорықшылары түз тағысының ата-жұртына қайта оралуын жақсылыққа жорып, көңілдері көтеріліп, оны жалма-жан бейне камераға түсіріп ала қояды.
Дәлірек айтқанда, теңіз деңгейінен 4 200 метрден астам биіктікте оналасқан «Сайрам-Өгем» саябағының Сарыайғыр шатқалынан қылаң берген қар барысын алғаш рет қорықшы Нұржан Ақынбеков кездестірген.
Нұржан Ақынбеков: «Қар барысы мені көргенде үркіп немесе бөтен қылық көрсеткен жоқ. Асықпай, жан-жағына бейқам қарап кете барды. Құйрығы өте ұзын. Жүні үлпілдек. Түсі тарғыл-тарғыл болы келеді екен», – дейді.
«Сайрам-Өгем» ұлттық саябақ қызметкерлері 2009 жылдан бастап жабайы аңдарды зерттеумен айналысып келеді екен. Осы аралықта олар қар барысының ізін көргенімен өзін кездестіре алмапты.
Табиғаттың тәкаппар да сұлу жаратылысы – қар барысының қазақ жеріне оралуын аталған қорықтың қызметкерлері үлкен жетістік деп санайды.
Осы орайда, «Сайрам-Өгем» жануарлар дүниесі өсімін молайту бөлімінің бас маманы Фарид Халилов деген азамат: «2013 жылдың қараша айының соңында мемлекеттік қорықшылар Қырғилы шатқалынан оның із көрген. Біз қондырғыларды сол жаққа қарай ауыстырып қойдық. Осылайша тауға беткейлеп шығып бара жатқан қар барысын қазіргі еліміздің тарихында тұңғыш рет бейне камераға түсіріп алдық. Бұл 2014 жылдың 21 наурызы болатын», – деді.
Соңғы жылдары парк аумағында адам аяғы баспайтын жерлерде ғана өсіп көбейетін Қаратау арқары, тауешкі мен елік, аю мен кеміргіштердің саны артқан. Мұнда өте сирек кездесетін ұлар мен қара ләйлек те бар.
149 мың гектар аумақты алып жатқан ұлттық саябақ аумағында қар барысының тағы бір аналығы мен күшігі мекендейді екен. Қорықшылар қар барысының қорегі көп аумақта тұрақты мекендеп, саны көбейетініне сенімді.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: «24kz».
Фото: Joyreactor.cc.