Елордадағы Ұлттық музейде «Жас Алаш» республикалық қоғамдық-саяси газетінің жүз жылдығына орай «100 жасаған «Жас алаш» атты көрме ашылды.
Алғашқы саны 1921 жылы 22 наурызда Ташкент қаласында жарық көрген жастар басылымның тұңғыш редакторы Ғани Мұратбаев болса, айтулы ақын Ілияс Жансүгіров жауапты хатшы қызметін атқарған. Іргетасын осындай халқымыздың ардақтылары қалаған газетте Кәкімжан Қазыбаев, Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов, Әбіш Кекілбайұлы, Фариза Оңғарсынова, Оралхан Бөкей және тағы басқа қазақ әдебиеті мен журналистикасының бір-бір көрнекті өкіліне айналған қаншама қарымды қаламгерлер еңбек етіп, қолтаңбаларын қалдырды. Сондай-ақ басылым әр жылдары «Жас Қайрат», «Өртең», «Жас қазақ», «Лениншіл жас» атауларымен жарық көріп, еліміз азаттық алған 1991 жылдан «Жас алаш» болып шыға бастады.
Көрменің ашылуында Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, 1986-1994 жылдары «Жас Алаш» газетінде бас редактор болған, белгілі ғалым, қаламгер Уәлихан Қалижан, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы және газеттің бас редакторы Қайрат Мәтіреков сөз алып, ұлт үніне айналған басылымның тарихы мен онда қызмет істеген қаламгерлер туралы тағылымды естеліктерімен бөлісті.
Сонымен қатар Ұлттық музей директорының орынбасары Назгүл Қадірімбетова қазақ журналистикасының ұлағатты ұстаханасы болған газеттің оқырмандар үшін орны бөлек екенін айта келіп: «Жас Алаштың» жүріп өткен жолы – ұлт руханиятының шежіресі. Басылымның жүзжылдық тігіндісін түгендеген әрбір азамат қазақтың мұңымен, қуанышымен, сүйінішімен сусындайды» деп жиналған қауымға жылы лебізін жеткізді.
Көрмеге ғасыр жасаған басылымның шығу кезеңінен бастап, бүгінге дейінгі тарихын бейнелеген мазмұнды мәліметтер мен құнды деректер, айшықты суреттер және сонда қызмет атқарған қаламгерлердің жазбалары мен кітаптары қойылып, оған келушілердің қызығушылығын туғызды.