Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Сауда өкілі Борамбаев Нұрлан Оралбекұлы 52 жасқа қараған шағында өмірден озды, деп хабарлайды Egemen.kz Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Сауда өкілдігінің хабарламасына сілтеме жасап.
Нұрлан Оралбекұлы – Ақмола өңірінің тумасы. Еңбек жолын Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржылық бақылау органдарында бастады. Министрліктер мен ведомстволарда, коммерциялық ұйымдарда қызмет етті.
2006 жылдан бастап ҚР Президентінің Іс басқармасы жүйесінде лауазымды қызметтер атқарды.
2019 жылдың шілде айынан бері Қазақстан мен Ресей арасында сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға атсалысты. Ол басшылық еткен жылдары Сауда өкілдігі Қазақстан мен Ресей арасында айтарлықтай оң нәтижелерге қол жеткізілді.
«Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Сауда өкілдігі 9 маусымда ұзаққа созылған дерттен ҚР-ның Ресей Федерациясындағы Сауда өкілі Борамбаев Нұрлан Оралбекұлы 52 жасқа қараған шағында дүниеден өткенін қайғыра хабарлайды. Нұрлан Оралбекұлы – тәжірибелі маман, пайым-парасаты биік білікті басшы. Өмірлік ұстанымы, мызғымас моральдық-этикалық қағидасы бар тұлға. Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігі, екі елдің сауда және интеграция министрліктеріндегі әріптестерінің алдында бет-беделі биік, абыройы асқақ. Ол қарамағындағы қызметкерлерге лайықты басшы бола білген, жаны жайсаң азамат. Марқұмның отбасына, жақындары мен туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз. Алды пейіш, арты кеніш болсын. Артында қалған ұрпағына амандық тілейміз», деп жазылған ведомство хабарламасында.