Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов Марокко Корольдігі Парламенті Кеңесшілер палатасының спикері Мұхаммад Аш-Шейх Биядилламен кездесті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Қ.Жақыповтың атап өткеніндей, Марокко Қазақстанның Солтүстік Африкадағы маңызды әріптестерінің бірі. Сондықтан біз Ислам ынтымақтастық ұйымы, Экономикалық ынтымақтастық ұйымы сияқты, басқа да кеңестік-жиналыстық тетіктер мен аймақтық институттар аясында бірлескен күшімізді одан әрі үйлестіруді толықтай қолдаймыз, деді Мәжіліс Төрағасы.
Осы ретте Қ. Жақыпов Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев саясатының басым бағыттарының бірі – ұлтаралық келісім, бейбітшілік және толеранттылық ұстанымдарының маңыздылығы мен өзектілігіне баса назар аударды.
Өз кезегінде Биядилла Марокко Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығының арқасында қол жеткізген Қазақстан табыстарын жақсы білетінін және жоғары бағалайтынын тілге тиек етті. Және Елбасының «Қазақстан - 2050» Стратегиясы айрықша қызығушылық тудыратынын атап өтті.
Тараптар, сондай-ақ, Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық мәселелеріне де көңіл бөлді. Мәжіліс Спикері көрменің «Болашақ энергиясы» деп аталатын атауының өзі энергия жетіспеушілігі мен экологиялық қауіптің ғаламдық мәселелерін шешуге ықпал етсе, ЭКСПО - 2017 энергетика саласындағы жаңа жетістіктерді паш етудің зор мүмкіндігіне айналатынын сеніммен айта келіп:
– Бұл көрмеге марокколық әріптестеріміздің де белсене қатысатыны сөзсіз. Бізді Марокко Парламентінің «жасыл экономика» қағидатына көшуді заңнамалық қамтамасыз ету жолында атқарып жатқан жұмыстары қызықтырады, деді.
Қабиболла Жақыпов пен Мұхаммад Аш-Шейх Биядилла парламентаралық ықпалдастық жағдайын сөз ете келіп, бейінді комитеттер мен ынтымақтастық жөніндегі топтар арасындағы тұрақты іс-қимыл екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға ықпал ететінін жеткізді.