• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Маусым, 2022

Бозоқтан Ботайға дейін...

292 рет
көрсетілді

Еліміздегі Ат туризмін дәріптеп жүрген шабандоздар Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының киелі жерлеріне саяхатқа шықты. Жеті күндік экспедицияның мақсаты – Бозоқ қалашығы мен Ботай мәдениеті секілді ұлттық маңызы бар ескерткіштерді жұртшылыққа кеңірек насихаттау. Сондай-ақ Қазақстандағы экологиялық туризмді одан әрі дамытуды да көздеген.

Мазмұнды іс-шараға Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, ғалымдар, At-trаvel клубының өкіл­дері мен қоғам белсенділері қатысып, экспедиция мүшелеріне сәт-сапар тіледі.

– Осы далада адамзат алғаш рет жылқыны қолға үйретті. Ботай мәдениеті – сол ұлы өркениеттің бас­тауы. Бозоқ қалашығы – еңселі елордамыздың алтын тамыры. Бұл жерде ұлттық парк құру арқылы біз көне тарихымызды жас ұрпаққа насихаттаймыз. Мәдениет және спорт министрлігі ашық аспан астындағы ұлттық музей құрылысын кезең-кезеңмен жүзеге асыруды көздейді. Алдағы уақытта да «Бозоқ» музей-қорығының жұмысы жандана береді. Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарының арасын атпен жүріп өтетін экспедицияның мәні ерекше. Осындай іс-шаралар арқылы атқа мінуді насихаттаймыз, тарихымызбен танысамыз, эко-туризмді дамытамыз. Экспедицияны ұйымдастыруға үлес қосқан баршаңызға алғыс айтамын, – деді Дәурен Абаев.

Айта кетейік, Бозоқ – астана іргесінде орналасқан 1250 жылдық тарихы бар көне қалашық болса, Ботай – ертедегі Еуразия жылқы өсірушілерінің бірегей қонысы. Бұл мәдениет біздің заманымызға дейінгі V-IV ғасырларда дәуірледі. Онда жүргізілген зерттеулердің тарихи маңызы – жылқыларды қолға үйретудің әлемдегі бірден бір орталығы Қазақстан екенін дәлелдейді.