• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
21 Мамыр, 2010

ЖҮЗ ОТБАСЫ ҚУАНЫШЫ

604 рет
көрсетілді

Көз қорқақ, қол батыр. Өйт­кені, жұмыла атқарылған жұмыс барысында Қызылағаштың кешегісі мен бүгінгісін салыстыруға бол­май­ды. Ауылдағы жаңа көшелер, көз қы­зықтырған салтанатты үйлер қа­та­ры күн санап бой көтеруде. Тас­қыннан кейінгі абыржыған халық ертеңіне сенімсіздік танытып, қын­жылғанын, “қалай болар екен?” деген күдікті жанарларын көрген едік. Міне, уақыт бәрін өз орнына қойып, тұрғындардың жүздеріне күл­кі үйірілді. Жаңарған елді ме­кеннің ертеңіне деген сенімдерін нығайтты. Кіммен пікірлессеңіз де Мем­лекет басшысынан бастап, жүрегі жылы, жаны жомарт жандардың қамқорлығын сезінгендерін айтады. Басқа түскен ауыртпалықты жұмы­ла көтергенде жеңілдейтінін сезінді. Осылайша мамыр мерекесін жаңа қоныста қарсы алған 45 отбасының қатарына жаңа шаңырақты иелен­ген 100 отбасы қосылды. Сәрсенбінің сәтінде Қы­зылағаш ауылындағы жиында облыс әкімі Серік Үмбетов жаңа үйлерге қо­ныс­танатындарды құттықтады. – Екі айдың аралығында бас­тан біраз жайт өтті. Сіздердің қабақ­тарыңыз шытылғанда біз де бірге қиналдық. Бүгін жүздеріңіздегі жылы шырайды көріп, қуанып тұр­мын. Біртіндеп әлеуметтік мәсе­лелер шешімін табуда. Бұған дейін түскен хаттар ренішпен басталса, енді халықтың Елбасына деген алғысымен өрбиді. Біреу сеніп, біреу сенбейтін қысқа мерзімде ауыл түрленді. Бүгін 100 отбасы жа­ңа үйлерінің табалдырығын атта­ға­лы тұр. Жаңа шаңырақтағы өмір­ле­ріңіз шаттық пен қуанышта бол­сын. Маусым айының басында тағы да 200 отбасы үйлеріне қо­ныстанады. Шілдеге дейін құрылыс жұмыстарын аяқтап, содан соң ба­лаларды мектепке дайындап, басқа да жұмыстар жалғастырылады, – деді. Бұдан кейін шаруа қожалы­ғы­ның жетекшісі Қыдырхан Әбиев, ба­тыр ана Гүлжаһан Ұзақова сөй­ле­ді. Әсіресе, 13 баланы өмірге әкел­ген Гүлжаһан апайдың сөзі жи­налғандарға ой салып, мәнділігімен ерекшеленді. – Ақ көңілмен аппақ үйге кіріп отырмыз. Марқұм жолдасым екеуіміз 1961 жылдары Қытайдан ата-жұрт деп аңсап келгенде мұндай жағдай болмады. Бір отар қойды санап алып, алыс қыстауда бала-шағаны өмірге әкеліп, бел шешіп еңбек еттік. Қазіргі жағ­дайды ол кезбен салыстыра алмай­мыз. Бұл біріншіден, Алланың, содан соң Елбасының арқасы. Осындағы облыс басшысының күн-түн демей жұмысты ұйым­дастырудағы еңбегінің нәтижесі. Егін салынып, азық-түлік, киім-кешек беріліп жатыр. Соған қа­нағат ету керек. Ана ретінде айтарым – бірлік, ынтымақ болса, қалғанының орны толады. Қиындық өтеді, кетеді, деді. Алғашқы үйдің кілтін Базаркүл Ерғараева алды. Ол өзен жаға­сын­дағы бірінші үйде тұрғанын, сол күні балаларының періштесі қа­ғып, аман қалғанын айтты. Отбасында жеті жан. Бүгін ас үй жиһаздарымен қатар газ, ыдыс-аяқ, көрпе-жастық, төрт төсекпен жабдықталған жаңа үйдің кілтін алдым. Бұдан артық қандай қам­қорлық болсын. “Алматы қала құ­рылысы” компаниясының құры­лыс­шыларының қол-аяғына дерт бермесін, деді тебіреніп. Сондай-ақ, Тілеш Жарқынбаева, тағы да басқа отбасыларының қуанышына ортақтастық. Бұған дейін ауылда 12 көше болса, бүгінде екі көшеге өсіп, 14 көше болыпты. Ауыл әкімдігі елді мекенде көп жыл мал шаруа­шы­лығында еңбек еткен Ленин орде­нінің иегері, марқұм Нұрқасым Сыдықовтың атына көше беріпті. Ұлы Жеңістің 65 жылдығы құр­метіне орай Жеңіс көшесі даңқты қолбасшы, халық қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, жазушы Бауыржан Момышұлына, Садовая көшесі көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев есімдерімен және Воронин көшесі Жайсаң деген жаңа атауға ие болып, тұрғындар тілегі орын­далған. Облыс әкімі бастаған топ бұдан кейін жаңа үйлердің кілтін алған ардақты ана Күлімхан Әбиева, Гүлжаһан Ұзақова, Вла­димир Зайцев, тағы басқалар шаңы­рақтарына кіріп, құтты болсын ай­тып, жағдайларын көрді. Табал­дырық аттағаннан-ақ жарық, кең бөлмелердегі үй жиһаздары сән-сал­танатты толықтыра түскен. Үлкен де, бала да қуанып, мәре-сәре. Қарғалы шұға комби­на­ты­ның түйе жүнінен жасалған көрпе­лері мен Белорусьтың ас үй жи­һазы, төсектері, үстел-орындық­тары тап-тұйнақтай. Жаңаның аты жаңа ғой, бәрі жарасым тапқан. Шатырлы қалашықтағы қы­зыл­ағаштықтар алдында “Жас қа­нат” және “Азия дауысы” фес­тивальдарының лауреаты, жас әнші Гүлнұр Оразымбетова әннен шашу шашты. Күмісжан БАЙЖАН,Алматы облысы.