• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 12 Маусым, 2022

Қаржылық сауат артып келеді

514 рет
көрсетілді

Қаржылық механизмдердің дамуында, жолға қойылуында халықтың сауаты да үлкен рөл ойнайды. Тұтынушы көбейген кезде ғана онлайн қызметтің шырайы кірмек. Азаматтардың қаржылық тұрғыдан сауатының артуы түрлі қарым-қатынас процестерін жеңілдетеді һәм жеделдетеді.

Респонденттер өздерінің қар­жы­лық біліміне орта деңгей­де сенімді. 22 пайызға баға­ла­нады, бұл ТМД-дағы орташа көрсеткіштен (19 пайыз) жоға­ры. Сондай-ақ Қазақстан ақшаны қаржы мекемелерінде, оның ішінде жинақтаушы шоттарда және шұғыл депозиттерде сақтау жағынан да көш бас­тай­ды. Қаржылық білім, қар­жы­лық сауаттылық және қар­жы­лық қарым-қатынас факторлары бо­йын­ша Беларусь пен Өзбекстаннан кейінгі үшінші орында.

Қаржылық білім деңгейін баға­лау үшін қаржылық тұжырым­да­маға қатысты жағдайлар еске­рілген. Олар – инфляция, қара­па­йым және жинақталған пайыздар, тәуекелдер, тәуекелдердің әр­тараптандырылуы. Ал қар­жы­лық тәртіп деңгейін анықтау үшін респонденттің ақша жинаумен қаншалықты белсенді айналысатыны, ақша жетпей қалғанда несие­ге жүгінетін-жүгінбейтіні, алдына ұзақ мерзімді қаржылық мақсат қоятыны-қоймайтыны сұ­ралған.

Ақша жинаумен қаншалықты мұқият айналысатыны және ұзақ мерзімді жоспарлармен тиянақты жұмыс істей алуы сұралып, соның нәтижесінде азаматтардың қаржы мәселесіне қатысты қарым-қаты­нас деңгейі анықталған. Егер азамат ақша жұмсау ісіне келгенде «бүгінгі күнмен өмір сүремін десе», онда оған төмен ұпай қо­йы­лып отырған.

Қаржы нарығын реттеу және да­мыту агенттігінің тап­сы­ры­сы­мен жыл сайын өткізі­летін әле­у­меттік зерттеу қоры­тын­ды­сын­да да ел тұрғындарының сауаты артып келе жатқаны айтылады. 2021 жылы азаматтардың қаржылық сауат индексі 39,52 пайызды құрап, 2020 жылмен салыстырғанда (39,07 пайыз) 0,45 пайыздық тармаққа күшейген. Әсіресе, «жеке қаражатын бас­қа­ру» сегментіндегі деңгей жоғары болып тұр (42,57 пайыз).

Ұлттық статистика бюросы таратқан дерекке сүйенсек, былтыр цифрлы құрылғылар мен интернетті меңгерген 6-74 жас аралығындағы азаматтар үлесі 87,3 пайызға жеткен. Бұл көр­сет­кіш 2020 жылы – 84,1, 2019 жылы – 82,1, 2018 жылы 79,6 пайыз болған. Өңірлік бөліністе циф­рлы сауаттылық тұрғысынан Нұр-Сұлтан (94,7 пайыз) мен Алматы қалалары (91,5 пайыз) және Алматы облысы (91 па­йыз) көш бастайды. Әрине, қазір қаржылық операциялардың басым бөлігі интернет көмегімен смартфон арқылы жасалатындықтан цифрлы сауаттылықтың артуы қаржылық сауаттың молаюына тікелей әсерін тигізеді.