Өз-өзіңді тәрбиелеу және бір нәрсеге үйрену үшін адам үлкені бар, кішісі бар өзін оқушының орнына қоя білуі керек. Бұл – табиғат заңы. Сол себепті өз мақсатың мен арманыңа жетуде жақсы оқушы және жақсы оқытушы болумен қатар болмысың да тұтасымен кіршіксіз таза болуы керек.
Әрине, біреу білекті сыбанып жұмыс істеп жатқанда, жанында ештеңе істеуге ниеті жоқ адам еріккеннен есінеп отырса, адамның санасы манипуляцияға душар болып, ол шындықты көруден қалады. Өйткені адамның миы осылай жаратылған, ол барлық нәрсеге ықпал етуге тырысады. Тіптен ол адам бір нәрсені айтпай жатып-ақ, оның не айту керегін аузына алдын ала салып отырады. Ал адам мұны өзінің дербес шешімі екен деп қабылдап, соған құдайдай сенеді. Алайда адамдар нағыз шындықтың саналы таңдау емес, керісінше, оның іс жүзінде сағым екенін түсіне бермейді.
Жалпы, адамдар бәрін жеке басының өмір сабағы, тәжірибесі мен қайғы-қасіреті арқылы басынан кешіруге тырысады. Өмірдегі зұлымдық, әділетсіздік, қызғаныш пен жағымпаздықты көргендіктен, көпшілігі өзгеруге сыңай танытпайтыны анық. Осындай ашық қарсылық пен мойындамаушылық адамның алдындағы барлық мүмкіндіктердің жолын жауып, оларды күш-қуатынан айырады, әлсіретеді. Себебі кезінде оларды өмірде жақсылық пен ізгілікті емес, кез келген нәрседен тек жамандықты көруге үйреткен. Сондықтан олар кемшілік таба алмаса, бойларын ашу-ыза кернейтіндей жағдайға жетеді. Әр нәрсені түрткілеп, сыныққа сылтау іздейтіндер көбейеді. Осы ахуалды іштей қабылдамағанының салдарынан ондай адамдар сапалы жұмыс атқара да алмайды.
Санаға әбден мықтап сіңіп қалған жауапсыздық пен бойкүйездік мұндай адамдарды үнемі жоғарғы жаққа қарауға, биліктің не істеп жатқанын талқылауға, сынықтан сылтау іздеуге бағдарлайды. Олар жауапкершілік көрсетіп, сапалы жұмыс арқылы нақты нәтижеге қол жеткізудің маңыздылығына көңіл аудармайды. Бір өкініштісі, жұмыстағы сапасыздықтың кесірінен елдің қуаты әлсіреп, ол түбінде бей-берекеттікке әкеліп соғатынын ұғына бермейді. Тыңғылықты еңбек тәжірибесінің жоқтығынан әр адам өз ішіндегі «қазынаны» сезбейді. Еңбек етіп, тиісті дағды жинақтамаса, олар оны таба да алмайды.
Әрине, қоғамдық қатынастардың түлеуі мен трансформациялануы қарсылық тудырары анық. Бірақ, бұл қарсылықтың бәрі өмір бойы бізбен бірге келе жатқанын да ұмытпаған жөн. Кезінде мектепке барғысы, жұмыс істегісі келмегенін азаматтарымыздың көпшілігі өз басынан кешіргені белгілі. Міне, осы қарсылықтан құтылып, еңсесін көтеріп, еркіндікке ие болайын десе, баяғы үйреншікті өмір екпіні оған кедергі жасайды. Сондықтан мұндай қарсылықты біреу түсінеді, ал біреу түсінбейді, тиісінше – қабылдайды немесе қабылдамайды. Дұрысында, оны қабылдап, түсініп, ерінбей жұмыс істеуге кіріскен абзал. Өйткені бойыңды ашу-ыза кернеп, масылдыққа салынғаннан түк шықпайды. Ендеше, жауапкершілікті саналы түрде толық сезініп, еңбекке бейімделу керек. Сонда ғана өмірге деген қызығушылық пайда болады және, ең бастысы, жаның бұдан рахат табады. Әуелі, бұрынғы жалқаулық пен бойкүйездіктен кейін қорқыныш сезімі бойыңды билеп, не істеріңді білмей қалуың да мүмкін. Бірақ өз өміріңе қызығушылық пайда болғаннан кейін сені басқаның өмірі қызықтырмайтын болады. Яғни сен бұрынғыдай тек басқа біреулердің өмірін талқылап, олардың өміріне қызғанышпен қарап, жамандаудан құтылып, бойыңдағы қуатын өзіне қайтара бастайды. Керісінше, мен мұны неге ертерек түсінбедім, оған неліктен уақытысында ден қоймадым деп, пайда болған мүмкіндіктен айырылып қалмауға тырысасың. Осылайша, кез келген жұмыстан ләззат алуға болатындығын сезінуге мүмкіндік туады.
Ортамызда анау жоқ, мынау жоқ, анау мынандай, мынау анандай деп үнемі ызылдап жүретін, керітартпа адамдар жеткілікті. Олар энергияны сыртқа бағыттап, кемшіліктің бәрін өзінен іздеудің орнына, оны сырттан іздейді. Бұл жерде әңгіме адамның сыртқы және ішкі әлемі туралы болып отыр. Кісінің сыртқы әлемінде көптеген түсініксіз және жалған нәрселер баршылық. Мұны тек ішкі әлемге сүйену арқылы шешуге болады. Ол үшін қиын жағдайда оңтайлы шешім таба алатын белгілі бір дағдыларға ие болу керек.
Кейбіреулер үшін «сыртқы себептерді» езгілеп, тек құлақтарын түріп, өсек-аяңды жинап, оны жыр қылып айту кәсіпке айналып кеткен. Олар құлақпен тыңдайды да, бірақ өздері ештеңе істегісі келмейді. Олар үшін бәрін ертеңге қалдырып, жұмыс істемеудің амалын іздеген маңыздырақ. Мұндай адамдар ішкі кедергілерге қарсыласу арқылы ғана нақты нәтижеге қол жеткізе алатынын түсінбейді. Трансформация дегеніміз өз екпінімен келе жатқан үйреншікті нәрселерге қарсыласуды білдірсе керек. Пәленің барлығы адамның өз ішінде жатқаны олардың ойларына кіріп те шықпайды. Олай болса, мұндай адамдардың өз пікірі мен құндылықтары жоқ. Олар жаңалықтардан немесе біреудің бірдеңе дегенін ести сала, оны сараптап, ақиқатына жетпей, жалған ақпарат атты «жұқпалы ауруды» жедел түрде таратуға кіріседі. Қоғамдық мүдде үшін бұлардың айтқандарынан гөрі, олардың не істегендерін немесе нені бүлдіріп жатқандарын түсінген маңыздырақ.
Дұрысы жоқтан бар жасауға тырысып, еңбегіңнің нәтижесіне қуана білген жақсы. Нәтиже деген жақсы жұмыстан ғана пайда болады. Сол себепті алдымен ойлауды өзгерту керек, әйтпесе, адам ешқашан шыға алмайтындай тығырыққа тіреледі. Ендеше, белгісіз біреулердің артынан алаөкпе болып жүгіргеннің орнына, бір сәтке тоқтап, деміңді басып, дұрыстап ойланған жөн. Көріп отырғанымыздай, адамның миы мен жаны бір бағытта жүрмей, екеуі екі жаққа тартатын көрінеді: ми – сыртқа, ал жан – ішке. Ми көбіне «үстемдік» етсе, жан одан оқшаулау жерде тұрады. Олай болса, ми адамды толық билеп кетпес үшін оны барынша «ауыздықтауға» тырысқан абзал.
Нәтижелі жұмыс істеп, алға қойған міндеттерді шешу үшін адамға қуат керек. Өткен өмірді көп ойлағанда, басқалардың өмірін «талқылағанда», арам пиғыл мен ызаға берілгенде, бір ақпарат сізді жегідей жеп мазалағанда, жағымсыз фильм көргенде және тағы басқа кездерде адамның бойынан әл кете бастайды. Фастфуд сияқты ыңғайлы, арзан және жылдам әзірленетін тағамдардың да денсаулыққа осындай кері әсерінің барлығын атап өткен жөн. Сондықтан Құдай берген күш-қуатты осылайша бекерден-бекер ысырап қылудың орнына ниет пен пиғылды түзетуге назар аударған дұрыс болар еді.
Барлық аурулардың негізінде адамның мазасыз күй кешуінің жататыны белгілі. Қатты күйзелу, абыржу адамның ағзасының қорғану мүмкіндіктерін кемітіп, қанның қоюлануына әкеліп соғып, адамның бойындағы қуаты кете бастайды. Бұрын өмір ұзақтығы мен созылмалы аурулардың себептері тұқым қуалаушылықпен түсіндіріліп келсе, енді бүгінгі ғылыми жетістіктер оған адамның өмірлік ұстанымдары мен көзқарастары да ықпал ететінін дәлелдеп отыр. Яғни дүниеге көзқарасымыз біздің генетикамызға әсер ететін көрінеді. Демек нанымдарымыз бен көзқарастарымызды өзгерту арқылы генімізді өзгертуге болады екен. Адамның әрбір шешімі (біреуді алдау, өкпелету, заңсыз жаман ойлар, дұрыс тамақтанбау және т.б.) біздің геніміздің күйіне әсер етеді. Ал мазасыз күй сау геннің мутациясына әкеліп соғуы әбден мүмкін. Ендеше, ол адамның денсаулығына кері әсер етеді.
Соңғы зерттеулерге қарағанда, қоршаған ортаның адам денсаулығына әсері адамның геніне емес, оның клеткасына әсер ететінін көрсетті. Бұған дұрыс ойлау, позитивті өмір салтын сақтау қажеттілігі туралы ғылыми негізделген фактілер дәлел бола алады. Сонымен бірге оң энергия қан арқылы пайда болады. Жаңашыл өзгерістер технологиялардың қарыштап дамуы заманында үйреншікті үрдіске айналып барады. Демек оған таңғалудың қажеті жоқ, енді оны қалыпты жағдай ретінде қабылдау керек. Осыны түсінсек, өзіміз де басқаларға түсінікті боламыз. Сонда ғана ойымыз да түзеледі, өміріміз де өзгереді.