• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Маусым, 2022

Кімге киік, кімге күйік...

1954 рет
көрсетілді

Биылғы аэросанақ қорытындысы бойынша Қазақстанда киік саны 1 318 000 басқа жетті. Осы киіктің басым бөлігі, яғни үштен екісі Еділ мен Жайық арасын мекендейтін Орал популяциясына жатады.

Жер дауы өршіп тұр

Батыс Қазақстанның байтақ даласын сары сағымға толтырған үйір-үйір киік бүгінде талай адамның бас ауруына, тіпті қайғы-қасіретіне айналған. Ғылыми тұжырымдама бойын­ша еркін өсіп, көбеюі үшін әрбір киікке кемінде 20 гектар жер қажет. Ал облыста биыл ресми есеп бойынша киік саны 801 мың басқа жетті. Жергілікті халық нақты цифр бұдан екі есе көп екенін айтады. Ақбөкеннің Орал популяциясы жайлайтын аумақта ең көп дегенде 300-350 мыңнан аспауға тиіс. «Өңірдегі бөкен саны облыстың сыйымдылық деңгейінен баяғыда асып кетті». Бұл – облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Қайрат Қадешевтің сөзі.

Алдағы шілде айында Үкімет қаулы­сымен «Бөкей ордасы» мем­лекеттік резерваты мен «Ащыөзек» табиғи қау­малы құрылуға тиіс. Эко­логия, геология және табиғи ре­сурс­тар вице-министрі Әлия Ша­ла­бе­кованың айтуынша, Батыс Қазақстан облысындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақ 1 шілде­ден бастап нақты іске кіріседі. Бұған республикалық бюджеттен 390 млн теңге қаржы бөлінеді. Табиғи аумақ­тың жалпы ауданы – 650 мың гектар. Аумақта шамамен 250 мыңдай киік болады.

Киікке еншілеп отырған аумақ 650 мың гектар, дегенмен бүгінде ақбө­кеннің Орал популяциясы Батыс Қазақ­стан облы­сының 6 ауданында, жалпы көлемі 4 млн гектар аумақта көшіп-қонып жүр. Бір­қатар шаруа қожалығының да жері, ортақ қоғамдық жайылым мен шабындық алқаптары да киік тұяғының астында қалған.

– Соңғы он шақты жыл ішін­де Жаңақала өңірі өте қиын жағ­дайға ұшырады. Бірін­шіден, ха­лық жұмыссыздықтан қи­нал­са, екін­шіден, киік санының еселеп кө­­бей­гені көптеген қолайсыздық әкел­ді. 1999 жылдан бастап киік аулау жөнінде мораторий жарияланды. Әрине, киік сақталуы керек. Миллион­да­ған жылдан бері адам баласымен қатар өмір сүріп келе жатқан жа­н­уар ғой. Бірақ кез келген нәрсе мөл­шерден асса, мазасы кетеді. Киік­ке деп бөлінген жердің 85 пайызы – Жаңақала ауданының жері. Ха­лық жерден тапшылық көруде, – дейді жа­ңа­қалалық Тыныштық Өтешқалиев.

Киік санының тым көбейіп, мал шаруа­шылығына зиянын тигізіп жат­қаны жөнінде шаруалар наразылығы Парламент пен Үкімет қабырғасына дейін жеткен еді. Облыста киік жайлаған жерлерде Жәнібек ауданынан – 258, Жаңақала ауданынан – 199, Бөкей орда ауданынан – 274, Қаз­талов ауданынан 353 шаруа қожалығы мал өсіріп, ауыл шаруашылығымен айна­лы­сады екен. Олар төрт түліктің жайылымы, мал азығын дайындау, басқа да мәсе­лелерде көптеген қиындыққа тап болған.

– Соңғы бес жылда осы мәселені көте­ріп бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады. Шаруашылықтар банкроттың алдында тұр. Бұрын 500 бас ірі қара ұстай­тын едік, қазір 50 бас қана қалды. Менің 589 гектар жерім бар, бірақ жылда шөп шаба алмай қаламын. Ерте көктемде қаптап киік келеді. Осы жерде төлдейді. Оны айдауға болмайды дейді. Біздің мәселемізбен бас ауыртып жатқан еш­кім жоқ, – дейді Жәнібек ауданы Жақсыбай ауылындағы шаруа қо­жалығының иесі Жақсыбек Қаратаев.

Сот үкімі тым қатал

Жақында Жаңақала ауданында бір топ тұрғын киік мүйізі үшін сот­талған азамат­тардың мәселесін көтеріп, көшеге шықты. 2022 жылғы 29 наурызда Жаңақала аудандық сотында сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген киік жануарына заңсыз аңшылық жасап, мүйіздерін ием­деніп, экологиялық қылмыстар жасағаны үшін 11 азамат ұзақ жылға сотталған еді.

– Азаматымыз 7 жыл 3 айға сотталып кетті. Күн сайын қымбатшылық, кәме­лет­ке толмаған 6 баламды қалай асырай­мын? Қорғаушысынан айырып, тірі жетім қыл­ды ғой, – деп жылайды Нұр­лы­бек Жан­гереев­тің жолдасы Алтыншаш Байқо­нақова.

– Сотталған жігіттердің әрқайсысы 160 млн теңгеден айып төлеуі керек. Сонда заң орындары бізді отбасын асырау үшін қайтадан қылмысқа итермелеп отыр ма?! Ешкімге пайдасы жоқ, далада қаңғып жүрген киік үшін. Сотталып отырған жігіттер қо­ғамға ешқандай залал келтірген жоқ. Олардың кінәсіз екенін ауылдың бәрі біледі. Бір видеоның кесірінен істі болды. Мен Қылмыстық кодекстегі 339-баптың қайта қаралуын, баптың тар­мақталуын сұраймын. Күйеуімнің жа­засы әділетсіз болды. Балаларым күнде «әкем келе ме?» деп сұрайды. Біз жас отбасымыз, Балалар жылы, отбасы жылы деген қайда? – дейді Ұл­жамал Меңдіханқызы. Оның күйеуі Зейнолла Темір­беков да 7 жыл 3 ай мерзімге сотталған.

Біз сөйлескен Марал Сержанқызы да кәмелетке толмаған 4 баласымен жалғыз қалып, еңіреп отыр. Айтуын­ша, заң орындары күйеуі Жа­нар­бек Максимовтің кінәлі екен­дігіне бұл­тарт­пас дәлелдер таба алма­ған. Айта кетейік, осы істе сотта­лушы­лардың көбі киікті атпағанын, өлтір­мегенін, тек далада жатқан өлімтіктен мүйіз­ді кесіп алғанын айтқан. Себебі айып­талу­шылардың жартысынан көбі жұ­мыс­сыз. Ал киік мүйізін қымбат бағаға сатып алатыны жөнінде хабарландыру толып тұр.

– Конституция бойынша жердің асты-үсті байлығы халықтікі болуы керек. Бірақ олай болмай тұр ғой. Киік деген қазір ауылға кіріп кетті. Өсіп көбейгені сондай, бірін-бірі тапап өлтіріп жатыр. Ауылда тұратын ағайын киіктің зардабын көріп отыр. Сот­талып кеткен 11 жігіттің ешқай­сысына туыстығым жоқ, бәрін де танимын, үлгілі отбасынан шыққан балалар. Бәрі де сен тұр, мен атайын дейтін азамат жігіттер. Еркегі көп те азаматы жоқ қоғамда ауылдың бетке ұстар жігіттерін апарып қамап тас­тады. Осы 11 үйден 50-60 бала тірі жетім қалды. Көшеден көрсем, бетіне қарай алмаймын, – дейді ауыл азаматы Қобылан Мұханбетов.

Халық бір жағынан бір бас киік үшін бекітілген құнның да өрескел артық екенін айтады. Сот үкімінде

1 бас киіктің бағасы – 500 АЕК, яғни 2 083 500 теңге екендігі көрсетілген. «Бұл қайдан шыққан баға? Ірі мал­дың бағасы мұның ширегіне жет­пейді. Ең төменгі жалақы 60 мың теңгені екінің бірі ауылда ала алмайды. Сонда бұл қалай болғаны?», деп күйінеді жергілікті халық. «Кез келген сот үкімі ең алдымен ізгілік қағидаларын алға шығаруы керек еді. Шынымен де киік өте көбейіп кетті, далада өзінен өзі қырылып жатыр. Әсіресе күйектен кейін текелер зо­рығып өледі. Бұл табиғаттың заңы. Сол арам өлген киіктің мүйізін ақшаға қызығып алған жігіттерге тым қатаң жаза берілді деп ойлаймын. Олар да мүйізді қайбір жетіс­кеннен жина­ды дейсің?», дейді ауыл мұғалімі Қаһарман Зинуллин.

Міне, Батыс Қазақстан облысында ақбөкенді арнайы қорғауға алып өсіретін резерват пен қаумал ашылуына аз уақыт қана қалды. Бірақ резерват аумағынан тыс жердегі киіктің тағдыры не болады? Орал популяция­сында саны артып кеткен жануар саны қалай реттелмек? Өзге өңірге көшіре ме? Әлде атуға рұқсат беріле ме? Бұл жағы әлі белгісіз.

 

Батыс Қазақстан облысы