• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Медицина 14 Маусым, 2022

Елімізде дәрі-дәрмек өндірісі артты

517 рет
көрсетілді

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният еліміздегі дәрі-дәрмек өндірісі туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Жалпы, елімізде фармацевтика саласында өндіріс көлемінің өскенін атап өткен жөн. 2021 жылы фармацевтика өнеркәсібі оң серпін көрсетті, бұл ретте фармацевтикалық өнімнің көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 124%-ды құрайды. Биылғы қаңтар-сәуір айларында фармацевтикалық өнім көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5% өсті», деді Ажар Ғиният Үкіметтің кезекті отырысында.

Оның айтуынша, бұл өсім «Химфарм» АҚ, «Нобель АФФ» АҚ, «Абди Ибрагим ГлобалФарм» ЖШС, «Келун-Казфарм» ЖШС өндірістік алаңдарында дәрі өндірісі көлемінің өсуімен байланысты.

«Қазақстанда фармацевтика өнеркәсібі мемлекеттік қолдаудың арқасында тиімді инвестицияның үлкен әлеуетіне ие болды. Осылайша, отандық тауар өндірушілермен мемлекеттік қолдаудың арқасында 10 жылға ұзақмерзімді шарттар жасалды. Ол сатып алу үлесін ақшалай мәнде 2010 жылы 15%-дан 2021 жылы 41%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді», деді Денсаулық сақтау министрі.

Денсаулық сақтау министрлігі отандық өндірушілерге қолдау көрсету үшін бірқатар шара қабылдаған. Пандемия кезінде отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қауіпсіздігі мен сапасына бағалау жүргізу және отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тіркеу сараптамасы жеделдетілді. Ұзақмерзімді шарттар жасасуға өнім берушілерді іріктеу өлшемшарттары қайта қаралды. Ұзақмерзімді шарттарды орындауға мониторинг жүргізіледі.

Бірыңғай дистрибьютор 37 отандық тауар өндірушімен 5 мыңнан дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды (811 дәрілік зат және 4 196 медициналық бұйым) жеткізуге 96 ұзақмерзімді шарт жасады.

Оның ішінде дәрілік заттарға - 43, медициналық бұйымдарға - 53 ұзақмерзімді шарт жасады.

«Қазір жасалған шарттар шеңберінде 37 инвестициялық жоба іске асып жатыр. Оның ішінде 127 млрд теңгеге дәрілік заттар бойынша 12 жоба, 34 млрд теңге сомасына медициналық бұйымдар бойынша 23 жоба бар. Фармацевтика кәсіпорындары негізінен Алматы, Қарағанды облыстарында, Шымкент және Алматы қалаларында шоғырланған», деді Ажар Ғиният.