• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Қазақстан 14 Маусым, 2022

Қонаевтың министрі

421 рет
көрсетілді

Қазақтың даласы қандай кең болса, оған қызмет еткен еңбекшіл ұл-қыз да соншалықты көп. Қазақтың қоғамын, мәдениеті мен руханиятын «тірілтсек» деп тер төккен тұлғалардың еңбек­тері өткен күннің тарихы болып бізге жетті. Біз бүгін Молдан Әлдербаев туралы сөз қозғаймыз. Оның өмірі мен ат­қарған қызметтері туралы нақты деректер Алматы қаласы­ның Мемлекеттік архивінде сақталып тұр. Қорға түскен тұлғалардың өмір жолы ертеңгі ұрпақ үшін ұлтымыз тарихының маңызды бөлігі болмақ.

Молдан Әлдербайұлы 1925 жылы ­17 желтоқсанда Алматы облысы, Ке­ген ­ауданы, Қарабұлақ ауылында дү­ниеге келген. Қара­бұлақ жеті жылдық мектебін, Жалаң­аш орта мектебін бітіріп, 1943 жылы әскер қатарына алы­нады. Сол кезде нақты жасы 15-ке, құжат бойын­ша 17-ге толған Мол­дан Әлдербаев өз өтініші бойын­ша Кеген ауда­нын­дағы әскери комис­сариаты­ның ша­қыруымен майданға атта­нады. Оқу мен шыңдалу мек­­те­­бінен өткен жа­­­уынгер 3-Ук­раи­на май­данында 252-ші ерек­­ше тапсырма орын­дайтын дара ба­­тальон­да соғысқа қатысады. Оның ұрыс майданындағы жолы Одес­садан басталып, Вена қала­сына дейінгі Шығыс Еуропа ел­де­рінде жалғасып, өз еліне, туған да­ласына араға жеті жыл салып ора­лады. Қан май­даннан аман-есен орал­ған ол ал­ғаш­қы еңбек жолын Кеген ауда­нындағы Тау­шелек орман шаруашылығында қа­ра­пайым жұмысшы болып бастайды. 1953 жылы Шығыс-Сібір Орман-тех­никалық инс­­титутын, 1961 жылы Мәскеудегі бүкіл­одақтық құрылыс-инженерлік институтын бітіреді. ҚазКСР Мемлекеттік жоспарлау комитетінің жүйесіне ауысып, мемлекеттік жоспарлау істерінің меңгерушісі, Қазақстан Компартия­сы Орталық Комитеті құрылыс бөлімі мең­герушісінің бірінші орынбасары қыз­метін атқарады.

Ол 1975 жылы Қазақ Респуб­ли­ка­сының Орман және ағаш өңдеу өнер­кәсібі министрі болып­ ­та­­ғайында­лып, өнімді еңбек етті. Мол­дан Әлдербаев бас­қар­ған жыл­дары атал­­­­­ған министрлік ұлт мүддесі үшін көп­­те­ген игі іс атқарды. Көп жылдар бойы ше­шімін таппай жүрген мәселелер­дің бірі малшыларды киізүймен қамтамасыз ету еді. Орталық партия коми­тетінің ерекше қау­лы­сымен, министр­дің жеке ба­сының жауап­­кер­­­шілігімен, қарқынды іс-әрекеттердің нәтиже­сін­де екі жарым жылда Үштөбе қаласында қуаты бір жыл ішінде 20000 киізүй шығара­тын комбинат салынады. Осындай өндірістік техноло­гия­­мен киізүй жасау жер жүзінде бірін­ші рет біздің елімізде болған. Киізүй­лер 1980 жылдары Мәскеуде өт­кен халықшаруашылық жетістіктері көр­месіне қойылып, Алтын медальмен мара­пат­талған. Осы кезеңде ағаш өңдеу, жиһаз жасау өндірісі де жоғары дәрежеге кө­теріліп, Югославия фирмалары­мен бірігіп, республика бойынша 12 фаб­рика жиһаздар шығара бастайды. ­Жиһаз­­дар Жапония, Бельгия мемлекетте­рі­не экс­­портқа шы­ғарылады.1976 жы­лы Ми­нистрлер Кеңесінде өткен алқа мәжі­лісінде Мәдениет ми­нистрі Жексенбек Еркім­беков дом­быра жасау­ды қолға алу мәселесін көтерді. Сол жиында Алматы жиһаз фаб­ри­ка­сында домбыра жасайтын жеке цех ашылып, Осакаровкадағы цех кеңей­­­ті­луі туралы шешім қабылданды. Осы­лай­ша, Үкіметтің домбыра жасау тап­сырмасы жүзеге асырылды. Алматы жиһаз фабрикасындағы домбыра жасайтын цех жылына 40 мың, Оса­каровкадағы цех 60 мыңға дейін дом­быра жасау мүмкіндігіне ие болды (Алматы қаласы МА, №459 қор).

Оның «Қонаевтың қатаң тапсырмасы» атты қолжазба материа­лында мал­шыларға киізүй жасау туралы маңыз­ды жұмыстың қалай басталғанынан хабар­дар боламыз. «Мен 1975 жылы көкек айын­да Қазақ КСР Орман және ағаш өңдеу өнеркәсібі министрі болып тағайындал­дым. Министрлікке келгеніме бір ай шамасы болған еді, бір күні Қонаев­тың көмекшісі Дүйсетай Бекежанов маған телефон соғып, сағат 14:30-де Димекеңнің кабинетіне келуім керектігін хабарлады. Қандай мәселе­мен деген сұрағыма, ол сізден басқаларды да шақырып жатыр, келгенде білесіз ғой деді. Бәріміз жайғасып отырғаннан кейін, Димекең сөз бастады. «Осы отырған бәрің республи­каны басқарып отырған адамсыңдар. Бесжыл­­дық жоспарды орындаймыз, асыра орын­даймыз деп жар саламыз. Өндіріс, ауыл шаруашылығы өркендесе, дамыса, бұл ел үшін, халықтың пайдасы үшін дейміз. Сол бесжылдық жоспарларды орындап жатқан негізгі күш кім болады? Ол – осы өзіміздің республика­мыз­дың халқы. Со­лардың жағдайына неге кө­ңіл бөлмейміз. Әсіресе мына ала жаздай, шөлде, далада, тауда, қысы-жазы ыстыққа күйіп, суыққа тоңып жүрген еңбек адамдарына тек талап қоямыз. Ет бер, сүт бер, жүн бер, басқа да өн­ді­ріске керек шикізат бер дейміз. Ал сол еңбекшілердің тұр­мыс жағдайына қамқорлығымыз нашар. Жылжымалы сауда дүкендері малды ауылдарға сирек барады, көкөніс, жеміс, шай жеткіліксіз, жылжымалы клуб, кітапхана да сирек барады. Оқушы балалардың мектептен қалмауын қамтамасыз етуді ескеру ке­рек. Малшылардың ауылдағы, қыст­ау­дағы үйлерін жөндеуден өт­кізуді басты міндет деп білу керек». Міне, осы сияқ­ты малшыларға көрсететін қам­қорлық жағдайлар туралы Димекең ег­жей-тегжейін жеткізіп айтты».

Міне, осыдан кейін аталған ми­нистрлік пен министр үлкен жауап­кер­ші­лікті мойнына алып, көшіп-қонып мал ша­руашылығымен айналысып еңбек етіп жүрген отбасыларды киізүймен қам­­тамасыз етуге жұмыс істей бастайды.

Деректерге сүйенсек, осы жина­лыс­тан бір күн бұрын Димекең қа­сын­дағы­лармен бірге Балқаш ауданына сайлаушылармен Жоғарғы Кеңес депу­татты­ғына кандидат ретінде кездесуде болыпты. Қайтып келе жатып жол шетіндегі жоталау жерге жаңадан қон­ған бірнеше қазақ үйін көріп, соларға ат басын бұрыпты. Ауыл адамдары Димаш Ахметұлын өз көздерімен кө­ріп, қуанады. Димекең малшылардың жағ­дайын сұрап, қандай мәселе бар еке­нін білгісі келеді. Сонда бір малшы: «Бізде бәрі жақсы, бәрі бар, бірақ өзіңіз байқап тұрсыз, киізүйіміз жарамсыз болып жатыр. Үкіметтің жасап берген үйлері бір-екі көшуге жарамайды. Сүйектері қирап қалады, киізден жауын суы сорғалайды. Мен жиырма жыл­дан бері мал бағамын, талай үлкенді-кішілі бастықтар келіп-кетті, оларға осы жағ­дайды ылғи айтып келеміз. Олар да шара қолданамыз, шешеміз деп уәде бере­ді. Бірақ мәселе шешілмей жатыр», деп ашы­ғын айтады.

Осыдан кейін Дінмұхамед Қонаев министрлерге тапсырма бе­ріп, мал соңын­да көшіп-қонып жүр­ген бұқара­ны киізүймен қамтамасыз ету ма­ңыз­ды мәселе екенін айтады. Бұл мә­селені сол кездегі Орман және ағаш өңдеу өнеркәсібінің ми­нистрі Молдан Әлдербаевқа тапсырады. Республика басшылығының тапсырмасын алған Молдан Әлдербаев қауырт жұмыс істеп, шаруалардың жағ­дайын оңалтуға өз үлесін қосады.

Министр сол кездегі қызметтік қол­­­жазбасында: «Сонымен Диме­кең өткізген жиналыс бітті. Бас­қа­ларды қайдам, мен мойныма бат­пандай ауыр міндетті арқалап шық­қандай болдым. Кейбір министр­лер­ мені аяған болып, арқамнан қағып, уайымдама, бәрін жөндейсің деп жанашырлық көрсеткендей болды. Министрлікке келіп, қызметкерлерді, бөлім бастық­тарын жинап, Қонаевтың кабинетінде болған әңгімені жеткіздім. Ертең таңер­тең Дадабаев (бөлім бастығы), Устиновқа (басқарма бастығы) екеуің менімен бірге Үштөбеге жүресіңдер, ондағы фабриканың жұмысымен танысамыз дедім. Сонымен қатар жобалау-кон­структорлық бюросының басшылары мен келгенше киізүй мәселесі туралы ойланыңыздар, ұсыныс беріңдер дедім. Алматы мен Үштөбенің ара қашықтығы 300 шақырымдай болады. Жолға төрт сағаттай уақыт кетеді, жол-жөнекей тек киізүй мәселесі туралы сөйлестік. Министрлікке қойылып отырған мін­дет – қуаты жылына 20-25 мың киізүй шығаратын өндіріс салу. Екіншіден, Мемлекеттік жоспарлау комитеті мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің талабы киізүйдің сүйегін тек талдан жасау керек дейді. Бұл міндетті орындау үшін екі жарым жыл уақыт керек. Киізүй сүйегінің сапасын жақсартумен қатар, үйге жабылатын киіздердің сапасын да ойдағыдай ету керегін қаулыға жазып жатыр. Ең ауыр мәселе осы болып тұр». Осылай жұмысқа кіріскен Молдан Әлдербаевтың еңбек жолындағы әр ісі жоғары бағаланып, «Октябрь революциясы», «Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту», «Халық достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен, Қазақстан Жоғар­ғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен, ­жиырмадан астам соғыс және еңбек медальдарымен марапатталған.

Қашанда қазақ даласы жақ­сы­лар мен жайсаңдарға құшағы толы бол­ған. Соның бірі де біре­гейі Молдан Әлдербаев болды. «Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйі­нерге жарар ол» деген хакім та­ғы­лымы елі үшін қызмет еткен Молдан Әлдербаев секілді озық ойлы азаматтарға қарата айтылса керек. Ауылдағы халықты, олар­дың тұрмыс-тіршілігін естен шығармаған министр­дің сол кездегі қалтқысыз еңбегі қазіргі ұлықтарға үлгі болса игі еді.