• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Сәуір, 2014

Астық – еліміздің басты байлығы

1907 рет
көрсетілді

«Ауыл шаруашылығы – нағыз ғылым. Бұл нағыз ғылыммен бізге әлі айналысу қажет. Бізге, орасан зор ауыл шаруашылығы жерлері бар, агроөнеркәсіптік кешені өсіп келе жатқан, аграрлық ғылым базасы қалыптасқан елге бұл жерлерді дұрыс пайдалана білу керек. Өйткені, мұның өзі біздің негізгі экспорттық саламыздың бірі».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті.

 

АТЫМЫЗДЫ ӘЛЕМГЕ ЖАЙҒАН ӨНІМ

Еліміз өз тәуелсіздігіне ие бола салысымен, оның халықаралық рыноктарға шығарған алғашқы өнімдерінің бірі астық болды. Кейбір жылдары Қазақстан әлемнің 40-тан астам еліне астық экспорттап жүрді. Осынау стратегиялық өнімнің өндірісі мен саудасын жолға қою үшін Елбасының тапсырмасымен елімізде «Астық туралы» заң қабылданды. Қазір ойлап қарасақ, біздің Қазақстанымыздың атын әлемдік кеңістікте жағымды жағынан көрсетіп келе жатқан өнімдердің бірі осы алтын астығымыз екен. Бірқатар елдер қазіргі күні Қазақстанды үлкен астық державасы ретінде таниды. Біз Халықаралық астық кеңесіне мүше елдердің біріміз. Соның ішінде ірі көлемде астық экспорттайтын елдердің қатарындамыз. Әлемнің астық сатумен шұғылданатын көптеген ірі трейдер компаниялары Қазақстан астығы десе елең ете қалатын болып жүр. Себебі, Қазақстан астығы әлемдегі сапалы астықтардың бірі. Біздің Сарыарқа аталатын кең жазық сайын даламызға күн қуаты молынан түсетіндігі ежелден белгілі. Осы Сарыарқа төсінде күннің шұғылалы шуағымен, даланың аңызғақты желімен тербеліп өскен астық барынша жетіле пісіп, құрғақ қалпын сақтап қалатын көрінеді. Бұл жағдай өскен бидайдың бойындағы қамырлылық қасиетін күшейтеді. Ал қамырлылығы күшті бидай сорттары нан, тоқаш және ұннан жасалынатын басқа да өнімдер үшін ең бас­ты қажеттіліктердің бірі. Тіпті, кейбір мамандардың пікірлеріне қарағанда, өздері де астыққа бай саналатын Ресей мен Украина елдері біздің Қазақстанның астығын өз астықтарына қосып, қамырлылық қасиетін күшейту үшін пайдаланатын көрінеді. Сондықтан, кейбір мамандар «Қазақстан астығының табиғи тұрғыдағы сапалылық қасиетіне әлемде тең келетін астық өте аз, бұл жағынан алғанда Қазақстан мен  Канада астығы бір-біріне шамалас келеді» деп есептейді екен. Өзінің астық сату көлемі жағынан алғанда әлемдегі ең алдыңғы қатарлы 10 елдің құрамына кіретін Қазақстан ұн экспорттау жағынан соңғы бірқатар жылдар барысында бүкіл дүние жүзі бойынша алғанда тұрақты түрде алдыңғы үштіктің құрамында келеді. Астық өсіріп сату бір өнер болса, одан ұн өндіріп сату екінші бір үлкен өнер түрі саналатындығы белгілі. Өйткені, 1 килограмм астықтан 1 килограмм ұнның бағасы әлдеқайда қымбат. Ұн өндіру арқылы қосымша табыстарға кенелеміз. Екінші жақтан алғанда, өз адамдарымызды жұмыспен қамтимыз. Оның үстіне астық тасымалдауға қарағанда, ұн тасымалдау ісінің шығыны да едәуір төмен болатындығы түсінікті. 2013 жылдың қорытындысында Қазақстан 4 миллион 922,8 мың тонна бидай экспорттап, бұдан елімізге 1,2 миллиард АҚШ долларынан астам кіріс кіргізді. Соның ішінде 20-дан астам елге астық жөнелтті. Қазақстан астығын тұрақты тұтынып келе жатқан елдер қатарында бізбен көршілес Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерімен қатар Иран, Түркия, Грузия, Қытай, Швеция, Ауғанстан елдері бар. Қазақстан экспорттайтын астықтың 98 пайызынан астамы міне, осы елдердің үлесіне тиеді. Сонымен қатар, Германия, Польша, Грекия, Ливан, Латвия, Нидерланды елдері де аз көлемде болса да Қазақстан астығын тұтынады. Қысқасын айтқанда, Қазақстан астығы қазіргі күні еліміздің атын әлемге жайып жүрген басты бренд өнімдеріміздің бірі болып табылады. Қазіргі күні еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстан астығының экспорттық мүмкіндіктерін тиімді жолдар арқылы арттыру мәселесін қарастыруда. Соның бір жолы ретінде Қытай және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері рыноктарына зер салып, зерттеулер жүргізуде. Халықаралық астық кеңесінің мәліметтері бойынша, Қытай әр жыл сайын 3 миллионнан 8 миллион тоннаға дейін астық сатып алады екен. Ендеше, іргемізде тұрған алып рыноктың осы мол мүмкін­­­діктерін неге ескермеске? Оның үстіне Қытай өңірлеріне астық жеткізіп сату мәселесін жолға қо­йып алған жағдайымызда, осы ел­дің аумағы арқылы Оңтүстік-Шы­ғыс Азия елдерінің рынокта­рына шығуымызға да болады. Сон­дықтан Қазақстан Ауыл ша­руа­­­шылығы министрлігі Қы­тай мен Оңтүстік-Шығыс Азия бағыт­тарын Қазақстан астығын экс­порт­таудың болашағы зор стра­­тегиялық бағыты деп есептеп отыр. Қазіргі күні осы мәселені ілгері жылжыту үшін Қазақстан-Қытай шекарасында астық терминалын салу ісі жоспарлануда. Мұның өзі Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне Қазақстан астығын тұрақты түрде жеткізу мәселесін жолға қойған болар еді. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». Дерек пен дәйек 2013 ЖЫЛДЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫНДА ҚАЗАҚСТАН 4 МИЛЛИОН 922,8 МЫҢ ТОННАНЫҢ БИДАЙЫН ЭКСПОРТТАП, ОСЫДАН 1,2 МИЛЛИАРД АҚШ ДОЛЛАРЫНАН АСТАМ КІРІС ҚАРАТТЫ. ______________________________

ОТАНЫМЫЗДЫҢ АСТЫҚ ҚАҚПАСЫ

Қазіргі күні Қазақстан әлемге ең жоғары сапалы астық өндіріп сататын елдердің бірі. Осынау астықтың үлкен де негізгі бөлігі Ақтау теңіз порты арқылы сыртқа жөнелтілетіндігін бәлкім екінің бірі біле де бермес. Еліміз әр жыл сайын 5 миллион тоннадан астам астық өндіріп сататын болса, осы істі жолға қоюда аталған порттың маңызы ерекше. Сондықтан оны шартты түрде еліміздің астық қақпасы деп те айтуға болады. Қазіргі күні осы теңіз пор­тында жүзеге асырылу үстін­дегі инвестициялық жобада қосымша құрғақ жүктер тер­­ми­налдарының құрылысын жүргізу қарастырылған. Сол тер­миналдардың бірі астық жөнелту ісіне арналмақ. Осы құрылыс аяқталғанда еліміз бұл теңіз портында қосымша 1 миллион тоннаға жуық астықты экспорттаудың жаңа мүмкіндігіне қол жеткізетін болады. Ал жалпы жоба бойынша жылына 2,5 миллион тонна құрғақ жүктер жөнелту көзделініп отыр. Бүгінгі күні жобаның техни­калық экономикалық негіз­­де­месіне өзгерістер енгізу, яғни оны жаңадан қосылатын 3 құрғақ жүк терминалымен байыта түсу жөніндегі ұсыныстарды техникалық тұрғыдан негіздеу жұмыстары аяқталды. Ал құры­­лыс жұмыстарының өзі биылғы жылы толық жүзеге асырылмақ. Міне, осындағы үш терминалды, соның ішінде астық терминалын салу жұмысы қорытындыланған кезде Ақтау теңіз портының жүк өткізу мүмкіндігі 16,5 миллион тоннадан 19 миллион тоннаға дейін өсе түсетін болады. Аталған мақсатқа қол жет­кізу үшін Каспийдегі қазақ­стандық құрғақ жүктер фло­тының мүмкіндіктерін арттырып, оны едәуір кеңейте түсу қажет бол­ды. Бұл жұмыс былтырғы жыл­дан бастап қолға алынды. Әрқай­сысының сыйымдылығы 5 мың тонна болатын 2 құрғақ жүктер тасымалдайтын кеме сатып алынды. Оларға «Түркістан» және «Бекет Ата» деген атаулар берілді. Алғашқы сәттері бұл ке­мелер Иран бағытына метал­дар мен астық жеткізуге пайда­ланылды. Теңіз көлігінің барынша арзан, әрі қауіпсіз келетіндігі белгілі. Оның үстіне жүк тиеу көлемі жағынан алғанда да бұл көлік түріне ешбір құрал бәсекелес бола алмайды. Демек, құрғақ жүктер тасымалдауға арналған бұл екі кеме еліміз үшін тиімді қызмет ететіндігі анық. Осыдан бірнеше апта бұ­рын Ақтау теңіз портында «Түр­­кі­стан» кемесіне қазақ­­стан­дық астықтың бірінші партиясы тиелді. Ол экспортқа жөнелтілді. Мұнан кейін «Бекет Ата» кемесі жүк тиеу алаңына келіп тұрды. Сөйтіп, аталған екі жаңа кеменің Қазақстан астығын сыртқа шығару ісіне қызметі басталып та кетті. Сайқан САНАТОВ. _______________ Фитосанитарлық бақылау бекеттерінің 2011 жылдың 1 шілдесіне дейінгі орналасуы Фитосанитарлық бақылау бекеттерінің 2011 жылдың 1 шілдесінен кейінгі орналасуы 2013 жылғы астық экспорты 2013 жылғы астық экспорты, мың тоннамен.                   Экспорттағы үлесі %   Қазақстан-Қытай шекарасындағы астық терминалы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтері бойынша.