Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік журналист Андрей Кондрашовқа берген сұхбатында қаңтар оқиғасы туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Алматыда мемлекеттік төңкеріске, Мемлекет басшысын лауазымынан ығыстыруға талпыныс болды. Олар адамдарды әкімшілік ғимараттарға бастап барды. Осы оқиға кезінде 3 мыңнан астам қару ұрланды. Олардың басым бөлігі әлі күнге дейін қолда жүр. Тергеу жұмыстары оңай болып жатқан жоқ. Себебі осы оқиғаның ұйымдастырушылары мен үйлестірушілері кәсіби дайындалған адамдар», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Дегенмен, Мемлекет басшысының атап өтуінше, ведомствоаралық арнайы топ мемлекеттік төңкеріс жасауға бағытталған осынау талпыныстың барлық мән-жайын ашу үшін табанды түрде жұмыс істеп жатыр.
«Алматыға өте қатыгездікпен шабуыл жасалды. Адамдар өте қатты зорлық-зомбылыққа ұшырады. Үлкен базарлардан келген мародерлер өте көп болды. Алматы әкімдігі мен Президент резиденциясының өртенгенін айтып та отырғаным жоқ. Алматыда орын алған оқиғаны жеңілдетуге болмайды», деді ҚР Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев трагедия ауқымының үлкендігін және қысқа мерзімде барлық мән-жайды ашу қиындығын айтты.